Жамбыл облысы әкімі ретіндегі Сапарбаевтың алғашқы есебі ию-қию болды

09:45, 20 ақпан 2020

Бердібек Сапарбаевтың Жамбыл облысы әкімі ретіндегі алғашқы есебі ың-шыңсыз өткен жоқ. Жиынның шырқын диқандар бұзды. Өйткені Меркі қант зауытына тонналап қызылша өткізген кәсіпкерлер әлі ақшасын алмапты. Ал "6-шы ақпанға дейін есеп айырысамын" деген өндіріс басшысы сөзінде тұрмаған. Сондықтан өңір басшысы мәселені "шешіп берсін" деп талап қойып отыр, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Диқандар Бердібек Сапарбаевтың жылдық есебінің шырқын бұза жаздады. Кәсіпкерлер алдымен залға кіріп, әкімге базыналарын жеткізді. Кейін дауды далада тағы жалғастырды. Шаруалар, қант зауытының директоры ақша бермек түгілі, телфонға жауап беруге құлықсыз деп ашулы.

- Маған 2 млн үш 300 мың теңге қарыз.

- Соның қаншауын алдыңыз?

- Көк тиын алғам жоқ.

- Маған 8 млн қарыз. Маған да бір тиын төлеген жоқ.

Бірнеше аудан диқандары қант зауытына өткізген өнімнің ақысын төрт айдан бері ала алмай жүр. Тапсырылған қызылшаның жалпы салмағы - 126 мың тонна. Соммасы 1 млрд теңгеден асады. Бұқараның уәжі бұған дейін айтылған. Сол кезде зауыт басшысы "ұзаққа созбай, елмен есептесемін", деп ант-су ішкен. Алайда ол тек ұсақ шаруалардың ақысын өтеп, қалғанын ұмыт қалдырыпты.

- Қайтып сөзінен тайқып жатыр. Ашуды сол туғызды. Хабарлассаң, жауап бермейді, не қабылдамайды.

Ауданнан арнайы келген кәсіпкерлер аймақ әкімінің жылдық есебі аяқталғанша кетпей тұрып алды. Далаға шыққан Бердібек Сапарбаевты қаумалап, сауалды тағы төтесінен қойды. Ал өңірдің су жаңа әкімі сенбіге дейін нақты шешім қабылдауға сөз берді.

Бердібек Сапарбаев, Жамбыл облысының әкімі:

- Бұл – зауыттың қарызы. Зауыттың қарызы болғандықтан, зауыттың өзі өтеуі керек. Жаңа айттым ғой, ақшасы болса ақшасын, болмаса мүлкімен. Қазір соның бәрін зерттейміз. Сенбі күні сіздерге нақты не болатынын айтамын.

Өткен жылы аймақта 2 мың гектарға қант қызылшасы егілген. Ал биыл өңірде тәтті түбір тұқымы мүлдем себілмей қалу қауіпі бар. Себебі, бұл кәсіппен айналысуға диқандардың жүрегі дауламай қалды. Оған шарулардың еткен еңбектің ақысын ала алмауы себеп.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!