Ұлттық және мемлекеттік ЖОО-лар сатылмайды – Тоқаев

13:09, 22 қазан 2020
258

Елдегі жоғары оқу орындарының бірі лицензиясынан айырылып, енді бірі коммерциялық емес акционерлік қоғам болып қайта құрылымдалып жатқаны белгілі.

Осы оқиғалар түрлі топтар тарабынан түрлі қаңқу сөздер туғызып, ел арасында алып-қашпа әңгімені көбейткенін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та айтты, деп хабарлайды zakon.kz inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.

"Менің тапсырмама сәйкес, жоғары оқу орындарының құрылымын өзгерту жұмыстары жүргізілуде. Көптеген жоғары оқу орны коммерциялық емес акционерлік қоғамға айналды. Бұл ел ішінде әртүрлі әңгіме туғызуда. Сондай-ақ ірі мемлекеттік жоғары оқу орындары кейіннен жекеменшікке сатылуы мүмкін деген де күдік бар. Осыған орай, ұлттық және мемлекеттік жоғары оқу орындары сатылмайтыны жөнінде мәлімдеймін. Бұл мәселе айрықша назарда", – деді Приезидент.

Сонымен қатар, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шетелде жұмыс істеп жүрген қазақстандықтардың мәселесіне тоқталды.

"Ұлттық кеңес аясында қаралып жүрген тағы бір өзекті мәселе – қазақстандықтардың еңбек миграциясы. Бұл мәселе өте өзекті. Оны жылы жауып қоюға болмайды. Жыл сайын мыңдаған отандасымыз еңбек мигрантына айналуда. Біздің азаматтар шетелде тек жоғары біліктілікті талап ететін салаларда ғана жұмыс істеп жүрген жоқ. Көбі қызмет көрсету саласында жұмыс істеуде. Онда олар өз елінде істеуге келіспеуі мүмкін жұмыстарды қолға алуға дайын. Мұндай жағдайларда еңбек қатынастары көбінесе ресми реттелмеген. Бірқатар елде қазақстандықтар заңнан тыс жұмыс істеп жүр. Осындай жағдайдан келіп туындайтын тіркеу бойынша және өзге де түрлі тұрмыстық қиындықтарға азаматтарымыз күн сайын тап болуда. Бұл пандемия кезінде айқын көрінді", – деген Мемлекет басшысы ел тұрғындарының шетелде жұмыс істеуінің тиімді тұстарын да атады.

"Заманауи әлемде еңбек миграциясы жаһандық сипатқа ие екенін түсіну керек. Оны біржақты жағымсыз құбылыс деп сипаттауға болмайды. Бұл – көпқырлы процесс. Біліктілікті арттыру, жаңа қабілеттерді меңгеру, өз ісіңді ашу үшін бастапқы капитал жинау, басқа әлеуметтік-мәдени ортаға бейімделу сияқты жағымды жақтары да бар. Сондықтан мемлекет қазақстандықтардың, соның ішінде еңбек миграциясында жүргендердің де әлеуетін іске асыру үшін күш салады. Үкіметке осы мәселелердің бәрін егжей-тегжей зерделеп, ұсыныс енгізу керек", – деді ол.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев келер жылы тойланатын тәуелсіздік 30 жылдығына қатысты өз ойын айтты.

"Келер жыл – тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы. Ол экономикалық және саяси реформалардың, цифрландыру мен адам құқықтарын қорғаудың, денсаулық сақтау және білім салаларын дамытудың, экологияны сақтаудың аясында өтуі керек. Қазір осы тарихи датаға орай жұмысты кейінге ысырып қойып, көптеген салатанаттар өткізетін кез емес. Біз ең қысқа мерзімде нақты нәтижелерге қол жеткізуіміз керек", – деді ол Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!