Ұлттық Банк валюта нарығына әсер ететін негізгі үрдістерді атады

15:29, 7 тамыз 2020

Ұлттық Банктің Монетарлық операциялар департаменті директорының орынбасары Иван Сердюк валюта нарығындағы негізгі үрдістер және тамыздағы бағам серпініне қатысты күтулер туралы айтып берді.

- Мұнай нарығындағы ахуал қандай? Бұл теңгеге қалай әсер етеді?

- Тамыздың басынан бастап АҚШ-та қорлардың азаюы, сондай-ақ Бейруттағы жарылыс туралы деректер аясында мұнай бағасы шамалы өскенін көрсетті. Талдаушылардың пікірінше, бұл жеткізілім іркілісіне әкелуі мүмкін. Осылайша, 5 тамызда Brent сұрыпты мұнай бағасы 5 айлық ең жоғары деңгейге жетті және барреліне 45 доллар белгісінен асты.

Мұнай бағасы тұрақтанса және біртіндеп өсу қалпына ауысса, бұл теңге бағамына оң әсерін тигізуі мүмкін: валюталық түсімдер ұлғаяды және төлем балансының ағымдағы шотының жағдайы жыл соңына қарай жақсарады.

- Теңгеге мұнай, сауда әріптестері валюталарының серпіні сияқты дәстүрлі түрде ықпал ететін негізгі факторлар мен жергілікті факторлардан басқа тағы қандай жағдай ұлттық валютаның бағамына әсер етуі ықтимал?

- Мемлекеттік бағалы қағаздар нарығы біздің валютаны қолдау факторы болуы ықтимал. Қазіргі уақытта теңге құралдары шетелдік инвесторлар үшін басқа елдердің мемлекеттік бағалы қағаздары аясында өте тартымды көрінеді. Бізде кірістілік жоғарырақ.

Шетелдік инвесторлардың бағалы қағаздарды сатып алуы валюта нарығына әсер етеді, валютаның көбеюі теңгенің нығаюына ықпал ететін болады.

- Сіз "салық аптасы" және "демалыс маусымы" деп аталатын маусымдық факторлардың әсерін қалай бағалайсыз?

- Тоқсанның әрбір екінші айы - "үлкен салық аптасы" кезеңі. Осы уақытта экспорттаушылар рента салығын және қазба байлықтарын өндіру салығын төлейді. Салық төлеу үшін экспорттаушылар шетел валютасын сатады. Бұл, әдетте, валюта нарығында ұсыныстың ұлғаюын және тиісінше теңге бағамын қолдауды қамтамасыз етеді.

Алайда, тамызда салықтарды төлеу екінші тоқсан үшін жүргізілетінін, ал ол кезде мұнай бағасы соңғы онжылдықтағы өзінің ең төменгі деңгейіне жеткенін және барреліне 19 долларға дейін төмендегенін есте ұстаған жөн. Яғни, "салық аптасы" факторының әсері қалыпты болады деп күтеміз.

Тағы бір маусымдық фактор бар. Адамдар басқа елдерге демалысқа бару үшін теңгені шетелдік валютаға ауыстырған кез "демалыс маусымы" деп аталады. Биыл көптеген елдер коронавирусқа байланысты туристер үшін бұрынғысынша жабық күйінде қалып отыр. Сондықтан "демалыс маусымының" теңгеге әсері шектеулі болады.

Экономикалық белсенділіктің қалпына келуі аясында айырбастау пункттеріндегі қолма-қол шетел валютасына сұраныс біртіндеп өсіп келеді. Орташа алғанда, жыл басынан бері айырбастау пункттері ай сайын шетелдік валютада 385 млн доллар сатты, бұл 2018 және 2019 жылдардағы орташа көрсеткіштен төмен, ол кезде ай сайынғы сату тиісінше 575 және 653 млн долларды құрады. Біздің алдын ала бағалауымыз бойынша, шілдеде халыққа шетел валютасын сатудың нетто-көлемі 450-500 млн долларды құрайды.

Бұл тамыздағы доллар құнына әсер етуі мүмкін ішкі факторлар.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!