Үкіметте әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жоспары қабылданды

11:10, 18 қаңтар 2022
215

© Сурет: Zakon.kz

18 қаңтар күні өткен Үкімет отырысында премьер-министр мемлекеттік органдардың бірінші басшылары мен өңірлердің әкімдеріне елдегі Әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жедел іс-қимыл жоспарының іс-шараларын жүзеге асыруды жеке бақылауға алуды тапсырды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Елдегі Әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі жедел іс-қимыл жоспарында азаматтар мен бизнес субъектілерінің қауіпсіздігі мен оларды жан-жақты қолдауға, сондай-ақ елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды тез арада тұрақтандыруға бағытталған бірқатар шұғыл және қысқа мерзімді шаралар қамтылған.

Жоспарды іске асыру барысында, бірінші кезекте, қаза тапқан азаматтардың отбасылары мен зардап шеккендерге көмек көрсетіледі. Күштік құрылымдар мен азаматтық қорғау органдарының қызметкерлеріне де тиісті мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Жоспардың ІІМ-ге қатысты барлық тармақтары өте маңызды және олар сапалы әрі жедел орындалуы тиіс. Премьер-министр Әлихан Смайылов

Үкімет басшысы жаппай тәртіпсіздіктер салдарынан зардап шеккен азаматтар мен заңды тұлғалардың банктегі қарыздары мен микрокредиттерін өтеу мерзімі төтенше жағдай режимі аяқталғанға дейін кейінге шегерілгенін атап өтті.

«Атамекен» ҰКП мародерліктен зардап шеккен бизнес субъектілерінің тізілімін жасады.

Жаппай тәртіпсіздіктердің салдарын жою жөніндегі үкіметтік және өңірлік комиссиялар жұмысының қорытындылары бойынша келтірілген залалдың орнын толтыру үшін республикалық және жергілікті бюджеттерден тиісті қаражат бөлінеді.

Бизнеске түскен ауыртпалықты азайту үшін 2022 жылғы 1 ақпанға дейін мемлекеттік кірістер органдарының салықтық және кедендік тексерулері, сондай-ақ камералдық бақылау бойынша хабарламаларды беру уақытша тоқтатылады.

«Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеп, қабылдау жоспарланған.

Біз үшін ең басты мақсат – ол халықтың табысын арттыру. Кез келген жоспар, кез келген бағдарлама, бірінші кезекте, халықтың табысын арттыруға бағытталуы тиіс. Басқарудың барлық деңгейінде жұмыс тиімділігі дәл осы көрсеткіш бойынша бағаланатын болады Премьер-министр Әлихан Смайылов

Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орны» жобалары шеңберінде жалақы мөлшері мен жобаларға қатысу мерзімі ұлғаяды.

Жаңадан құрылған «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қоры мұқтаж балаларға заманауи және қымбат тұратын медициналық қызметтерді, дәрі-дәрмектерді алуға мүмкіндік береді.

Премьер-Министр мемлекеттік органдардың бірінші басшылары мен өңірлердің әкімдеріне елдегі Әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі жедел іс-қимыл жоспарының іс-шараларын жүзеге асыруды жеке бақылауға алуды тапсырды.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!