Үкіметке өкпелеген Абылай деген дәрігер желіде мұңын шақты

10:06, 23 қыркүйек 2019
108

26 жыл талмай еңбек еткен хирург Абылай Шәкенов халықтан, сол секілді Үкіметтен өз кәсібіне қатысты көзқарасын өзгертуді сұрап, әлеуметтік желіде жазба жариялады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ол Facebook-тегі парақшасында жариялаған жазбасын дәрігерлерді сынап-мінейтіндерге қаратып жазған.

Ол дәрігер қызметіне кірісе салысымен, жұмыс уақыты бітсе де қас қарайғанша жұмыс істеп, кейде тіпті жұмыс орнында түнеп қалатынын айтады. Осындай жағдай онда үнемі болған, яғни ол өз өмірінің басым бөлігін жұмысына арнаған, тіпті жұмыс емес уақытын өзі таңдаған кәсібі осылайша "ұрлап" отырған.

- Кезекшіліктен кейін үйге қайту деген жоқ, кезекшіліктен соң ертеңгі жұмыс күнін басталып кетеді. Бір қалыпты жағдай секілді. Басында, ең алғаш келгенде кез келген жас үшін әрбір ота бір шыңырауға құлаумен тең дүние болады. Әрине, ішкі ағзалардың анатомиясын білеміз, отаның әр кезеңін алдын ала егжей-тегжей миға құйып алғансың, тіпті кейбір тың әдіс-тәсілден де қанықсың. Сөйтіп, "міне мен дайын" деп жең түріп отаға кіріскенде әлгінің бәрі керек болмай қалатын жағдайға тап болуыңыз мүмкін! Мәселен, кәдімгі соқырішектің ең жеңіл деген 7 түрі болады. Одан бөлек аномалия, яғни табиғи ауытқушылығы бар органда, ол тіпті басқандай болады. Қан кететін жері, соқырішекті кесетін жері, оған жақын орналасқан орган мен тіндер ондайда мүлде өзгеріп шыға келеді.

Ал хирургтер тек қана соқырішекке ота жасамайды ғой! Кез келген отаға сақадай-сай болу үшін, кез-келген қиындықты еңсере алатын өз-өзіне сенімді хирург болу үшін жылдар керек, декалитр ақ тер, қара тер, мыңдаған шақырым нервіңді жұмсауың керек.

Одан соң әрбір хирургтің дерттің асқыну бойынша жасап алған өз "қара тізімі" болады. Мұндай асқынулар ота кезінде де, отан кейін де, отадан кейінгі және оған дейінгі кезеңдерде де кездеседі.

Мұндай асқынулар міндетті түрде ота алдында сарапшы хирургтармен алдын ала талқыланады, одан соң да әріптестері мен аурухана басшылығының қатысуымен өтетін конференцияда тағы да әбден зерделеніп, жілік-жілігіне шағып тағы айтылады.Ондай конференциялардың мақсаты хирургтың кінәсін дәлелдеу емес, асқынудың себебін анықтау, сөйтіп сол жиынға қатысқан барлық хирург пен басқа дәрігерлердің мұндай жағдайды тағы қайталамасы үшін сабақ ретінде айтылады.

Көп жағдайда асқыну хирургтың отаны дұрыс жасамағанынан емес, науқастың ағзасындағы ерекшеліктерден, отадан кейінгі кезеңдегі кемшіліктердің себебінен орын алады. Бірақ бұл хирургтың жауапкершілікті алып тастау деген сөз емес, ол оны да ескеріп, отадан кейін ем жасайтындарға оны ескертуі керек. Мұның бәрін не үшін айтып отыр дерсіздер? Сіздер ең құрымағанда 1% нағыз хирург қандай қиындықпен өмір сүретінін көз алдарыңызға елестете алса деймін, ең құрымағанда 0,01% нағыз хирург болу үшін қандай жағдайдан өтетінімізді білсе деймін!

Ең бірінші хирург болып жаңадан іске кіріскен кезде ең болмағанда адамдар бұл мамандық иесін құрметтеуші еді. Қазір ол да жоқ. Үкімет оны да алып қойды! Бұрын бізді соттамайтын, ал қазір ол оңайдың оңайы! Судьяға дәрігер науқаспен сыпайы сөйлеспеген секілді көрінсе болды, жұлып алып түрмеге тығады! Дәрігер ештеңе істей алмаған, өйткені дерт дендеп, ағза бітіп кеткен дейін десең, жоқ, сот үкімі қайта қарауға жатпайды! Иә, оның үстіне "физикалық және моральдық шығын" деп мойныңызға миллиондарды іліп жібереді. Міне, осындай түрімізбен біз ұзаққа бармаймыз. Дәрігерлерге деген халықтың, сол секілді Үкіметтің мұндай көзқарасы түбі жақсылыққа апармайды. Көп ұзамай Сіздерді ешкім емдемейді, ешкім ота да жасамайды", - деп түйіндейді ол өз жазбасын.


Источник: zakon.kz


Пікір