Үй құлайын деп тұр. «Дипломмен ауылға» барған жастар өкініп қалды

16:18, 30 шілде 2021
132

© Сурет: видеодан кадр

Тесік шатыр мен қақыраған қабырға. Қостанай облысында Мемлекеттік бағдарламамен берілген үйлердің төбесі ортасына түсейін деп тұр. "Дипломмен ауылға" бағдарламасы бойынша өңірге қоныс аударған Бердыхановтар отбасы шағымданды, деп хабарлайды zakon.kz.

2017 жылы медициналық оқу орнын тамамдаған жастарға Бейімбет Майлин ауданынан қызметтік баспана берілген екен. Алайда бір жыл өтпей жатып үйдің шатырынан су сорғалап, іргесі сөгітіле бастапты, дейді "Еуразия" бірінші арнасы.

Серғазы Бердыханов, "Дипломмен ауылға" бағдарламасының қатысушысы:

Үйдің іші содан бері ылғалды, ызғар. Қабырғалар суланады. Обой ажырап жатыр. Арасы көгеріп. Бір рет ауыстырдық обойды бірақ одан пайда жоқ. Шатырдан су өткен соң бәрібір сол қалпына қайта түседі.

Тіпті соңғы күндері көгеріп, сыз тартқан үйде балалар да жиі ауруға шалдыға бастаған. Сол үшін де Серғазы Бердыханов бас дәрігерге бірнеше мәрте арызданыпты. Алайда жас отбасының шағымына жауап беруге ешкім де құлықты болмай отыр. "Алдағы уақытта мәселеміз шешілмесе, ауданнан кетуге мәжбүрміз", дейді ол. Ал мемлекеттік қордан тұрғын үйді жалдау шартында апат, я болмаса түрлі форс-мажор жағдайларда күрделі жөндеу аудандық ауруханаға жүктелетіні нақты көрсетілген. Арна тілшілеріне сұхбат берген Бейімбет Майлин аудандық ауруханасының бас дәрігері бұл мәселені 2 апта мерзім көлемінде шешіп беруге уәде етті.

Бекболат Уалиев, Бейімбет Майлин аудандық ауруханасының бас дәрігері:

Бұл мәселені бақылауыма алдым. Шаруашылық жөніндегі жұмыскер шатырды жөндеуге кірісті. Үйдің ішіне де өз күшімізбен жөндеу жұмыстарын жүргізбекпіз. Екі апталық мерзімде бұл жұмыстарды аяқтаймыз.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!

Пікір