ТЖ режимі кезіндегі азаматтар мен полиция қызметкерлерінің құқығы туралы

20:40, 17 қаңтар 2022
142

© Сурет: Zakon.kz

Төтенше жағдай кезінде азаматтарды көшеде тоқтатуға және оларды тексеруге кім құқылы? Полиция қызметкері тексеру үшін көшедегі азаматтан телефонын беруді талап ете ала ма? Бұл сауалдарға Zakon.kz маманнан, құзырлы ведомствадан жауап алды.

ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің жауабында "Төтенше жағдай туралы" заң бойынша коменданттық сағат ережелерін бұзған адамдарды полиция немесе әскери патруль жасағы коменданттық сағат аяқталғанға дейін, ал өзімен бірге құжаттары жоқ адамдарды – олардың жеке басын анықтағанға дейін, бірақ 48 сағаттан асырмай ұстай алады. Ұсталған адамдардың жанында болған заттар мен көлік құралдары тексерілуі мүмкін.

Жалпы алғанда, төтенше жағдай енгізілген кезде жеке басты куәландыратын құжаттарды тексеру, үсті-басын тінту, ұсталған адамдардың заттары мен көлігін тексеру сияқты шаралар мен уақытша шектеулер қарастырылады.

Алматы облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Александр Лисиченконың айтуынша, полиция қызметкерлері, әскери қызметшілер және Ұлттық ұлан қызметкерлері төтенше жағдай кезінде көшедегі адамдарды тоқтатып, олардың құжаттарын тексеріп, тінту жүргізе алады.

Бұл барлық құрылымдардың қызметін реттейтін салалық заңдарда қарастырылған. Төтенше жағдай кезінде осы аталғандардың барлығы көшеде азаматтарды тоқтатып, тексеруге құқылы. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, төтенше жағдай кезінде бізде қоғамдық тәртіпті қорғаумен айналысатын патрульдер ішкі істер органдарының өкілдерінен, не әскери қызметшілерден, не Ұлттық ұланнан құралады. Адвокат Александр Лисиченко

Адвокаттың айтуынша, егер тоқтатылған адамнан қандай да бір құқық бұзушылық жасау белгілері немесе төтенше жағдайды бұзу белгілері, коменданттық сағатты бұзу және тағы басқасын байқаса, онда оған тінту жүргізіледі. Ал көшеде көрінгеннің барлығын жағалай тоқтату және оған ешқандай күдіксіз секемдене қарау заңсыз болып табылады.

ІІМ төтенше жағдай кезінде жергілікті аумақтың коменданты өз бұйрықтары әрі қаулысымен тұрғындар үшін шектеулер енгізе алады, мысалы тұрғылықты жерінен белгіленген мерзім ішінде кетпеу түрінде деп түсіндірді.

Сол елдімекеннің тұрғындары болып табылмайтын әрі осы талапты бұзушылар өз шығыны есебінен жыраққа шығарылады. Ережелер мен тыйымдарды бұзу әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке әкеліп соқтырады. Сондықтан белгіленген режимді бұзған адамдар ұсталып, полиция органдарына заңды түрде жеткізілуі мүмкін.

Төтенше жағдай кезінде коменданттық сағатты бұзу, төтенше жағдайға байланысты енгізілген ережелер мен шектеулерді елемеу адамды ұстауға қосымша себептер бола алуы мүмкін. Мысалы, егер адамнан қылмыстың қандай да бір белгілері сырттай байқалса: атыс немесе суық қару немесе оның киімінде қанның іздері, қандай да бір жарақаттар болса, онда мұндай жағдайларда оны тоқтатып, ұстауға да болады. Полиция өкілдері, ішкі әскер сарбазы, Ұлттық ұлан және Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері де мұндай азаматтарды ұстап, құқық қорғау органдарына жеткізе алады. Александр Лисиченко

Қандай да бір құқық бұзушылық-әкімшілік немесе қылмыстық бұзушылық жасады деп болжауға негіз болған кезде ғана адамды ішкі істер органдарына жеткізуге болады.

ҚР ІІМ атап өткендей, заң бойынша азаматтардың жеке өмірі, жеке және отбасылық құпиясы заңмен қорғалады. Әркімнің жеке салымы, жинаған жинағы, жазысқан хаттары, телефон арқылы сөйлескен сөздері, пошта, телеграф арқылы жолданған және өзге де хабарларының құпиялылығына құқығы бар.

Тінту мен тәркілеу сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде тергеу судьясының санкциясы, қаулысы бойынша жүргізілуі мүмкін.

Бірақ тәркілеуге жататын зат қылмыстық және басқа да заңсыз мақсаттарда пайдаланылуы мүмкін дегенге нақты қауіпті танытқан ерекше жағдайларда сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның қаулысы бойынша, яғни тергеу судьясының санкциясынсыз да алынуы мүмкін, бірақ кейіннен бұл материалдар тергеу судьясына бір тәулік мерзімде жолдануы тиіс. Егер бұл процесс заңсыз жасалса, онда тәркілеуден кейін шығарылған қорытындылар іс бойынша дәлел ретінде қабылданбайды.

Бұл мәселе құқықтық тұрғыдан алғанда біршама күрделі. Ұялы телефонды және ішіндегісін тексеру тек тергеу сотының санкциясымен немесе адамның келісімімен жүргізілуі керек. Демек, тексеруді жүргізетін қызметкердің талап етуге құқығы жоқ, ол сұрауға құқылы. Егер азамат оның бұл өтінішінен бас тартса, қызметкер өз еркімен шешім қабылдайды. Бірақ ол телефонды тартып алып, оны мәжбүрлеп тексере алмайды. Ұялы телефонды алу тек тергеу сотының санкциясымен жүзеге асырылуы керек. Александр Лисиченко

Баса назар аударуды қажет ететін заңнамалық жайттар бар. Ұялы телефонды алу нақты қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу аясында қарастырылады. Бірақ төтенше жағдай режимінде тексеру жүргізіліп жатқан адамға қатысты нақты қылмыстық іс тергелмейді. Яғни, іс-әрекеттер әкімшілік заңнама арқылы жүзеге асырылады.

Сондықтан ТЖ режимі жағдайында адам ұялы телефонын көрсетуден бас тартса, қызметкер басқа себептерге байланысты, мысалы егер көлікте басқа да тәркілеуге жататын заттар әрі оның құқық бұзушы екенін растайтын құжаттар болса, ол адамды тексеру үшін және одан ұялы телефонды алу үшін заңда белгіленген тәртіппен ішкі істер органдарына жеткізе алады. Александр Лисиченко

Егер адам полиция қызметкерінің әрекеті заңсыз деп санаса, оған ұялы телефонын көрсетпеуге құқылы. Бірақ егер қызметкердің іс-әрекеті анық заңды болып, сонымен қатар азамат оған қарсы тұрса, онда оның іс-әрекеттерінде билік қызметкеріне қарсылық көрсету тұрғысында құқық бұзушылық белгілері бой көрсеткен болады.

Жаппай тәртіпсіздіктерге, заңсыз әрекеттер жасауға және тағы басқасына шақыратын қандай да бір хабарламаларды таратумен айналысқанын айғақтайтын мәліметтер азаматтың ұялы телефонын тексеруге негіз бола алады. Мысалы, сол секілді көлікті тексеру кезінде онда қару-жарақ дүкенінен ұрланған болуы мүмкін қару табылған жағдайда. Тиісінше, оның кімдермен байланыста болғанын тексеру керек болады. Мүмкін ол бұл қаруды біреуге беру үшін алып бара жатқан шығар. Бұл жағдай да ұялы телефонды тексеруге негіз бола алады. Александр Лисиченко

Егер азамат ұялы телефонын беруден бас тартса, қызметкерлер оны ұстап, одан ары тексеру үшін ішкі істер органдарына жеткізуге құқылы. Төтенше жағдай кезінде комендатураға апарады.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!