Түркістанда сыбайлас жемқорлықты «жерлей» жаздаған жиын өтті

20:50, 21 қазан 2020

Бүгін Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссия отырысы өтті, деп хабарлайды zakon.kz.

Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, құқық қорғау органдары мен облыстық басқармалардың басшылары және бейнеконференция арқылы өңірге қарасты қала/аудандардың әкімдері қатысты.

Комиссия отырысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамалық жаңашылдықтар таныстырылып, Агенттіктің Түркістан облысы бойынша Департаментімен ағымдағы жылдың 9 айында 9 мекемеде жүргізілген сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдаудың нәтижелері ортаға салынды.

Алқалы жиында өңір басшысы Өмірзақ Естайұлы заңмен бекітілген өзгерістердің маңыздылығын алға тартып, ашықтық принципі арқылы халыққа қолайлы қызмет көрсетуге айрықша басымдық беру қажеттігін жеткізді.

"Өзіне сенімді адам ғана ешнәрсе жасырмайды. Дұрысты – дұрыс, бұрысты – бұрыс деу үшін ақиқат пен ашықтық қажет. Түркістан өңіріне қатысты жағымсыз, жалпы түсініктен арылуымыз керек. Керісінше, біз еліміз бойынша жемқорлықпен ұдайы күресіп, оны анықтап, алдын алудан алдыңғы қатардамыз. Жемқорлықпен пәрменді күрес нәтижелі. Бұл бағыттағы жұмыс күшейеді. Қылмыстың ашылуына ымырасыздық пен ашықтық әсер етеді", - деді Өмірзақ Шөкеев.

Жиында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай 9 ай ішінде Департаментпен жүргізілген ішінара талдаудың нәтижесінде мемлекеттік органдардың қызметінде нормативтік құқықтық актілер мен ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметтегі бірқатар сыбайлас жемқорлық тәуекелдері, атап айтсақ мұқтаждар есебінде тұратын азаматтарға тұрғынжай беруде кезектілікті сақтамау, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау барысында туындайтыны анықталып, соған сәйкес тәуекелдерді жою мақсатында Департаментпен жолданған 73 ұсыныстың 58-і орындалғанын атап өтті.

Сондай-ақ, "Түркістан – адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің аясында облысқа қарасты әкімдіктердің жаңа жұмыс үлгісіне көшуі негізінде өңір тұрғындары мемлекеттік қызметтерді сапалы, жедел және кедергісіз алуына мүмкіндік беретін "сервистік әкімдіктердің" ашылу мәселесі талқыланды.

Бүгінгі күні жаңа үлгідегі әкімдік облысқа қарасты Түркістан, Кентау қалалары мен Созақ, Төлеби, Түлкібас, Келес аудандарында ашылған, осыған сәйкес комиссия отырысында облыс әкімі тарапынан барлық қала/аудандардағы әкімдіктердің жыл соңына дейін "Сервистік әкімдік" үлгісіне көшуі бойынша нақты тапсырмалар берілді.

Комиссия отырысында сөз алған Түркістан облысының бастығы Қайрат Дәлбеков ішкі істер саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша атқарылған жұмыстарды баяндап, құқықбұзушылықтың алдын алу, болдырмау және жолын кесуде "Тұрақты арнайы мобильді топ" тосыннан тексеру жұмыстарын күшейткенін және бүгінгі күні қосымша тәлімгерлер кеңесі, офицерлік және әйелдер кеңесі жұмыс істеп жатқанын жеткізді.

Жиын соңында өңірде жемқорлық деңгейін төмендету бойынша бірқатар ұсыныстар тыңдалып, қоғам індетімен күрес шаралары барлық мемлекеттік орган басшысының қызметінде басым бағыттардың бірі болуы қажет екендігі ескертілді.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!