Түркістан және Шымкент қалаларында Арыс тұрғындарына материалдық көмек жинайтын екі пункт ашылды

11:01, 25 маусым 2019

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ақпараты бойынша Түркістан қаласында А.Яссауи атындағы Қазақстан-Түрік Халықаралық университеті (материалдық көмек құралдарын жеткізу мәселелері бойынша 87017702427, университет кәсіподақ комитетінің төрағасы Алтынбек Кенжалиев) және Шымкент қаласында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті (үйлестірушінің телефоны 87773963052, Қайрат Еңбекшиев) Арыс тұрғындарына материалдық көмек жинайтын екі пункт ретінде анықталды.

ҚР БҒМ-де жарылыстан зардап шеккен Арыстың тұрғындарына көмек көрсетуге ниет білдірушілер көп, сондықтан ұйымдасқан жиын әрі гуманитарлық көмек көрсету үшін осы орталықтандырылған пункттерді ашу туралы шешім қабылданды. Бірінші қажеттілік тауарлары (дәрі-дәрмектер, Гигиена құралдары, киім-кешек және т.б.) белсенді түрде келіп түсе бастады, олардың барлығы орталықтандырылған және бірқалыпты үлестіріледі, одан кейін еріктілер зардап шегушілерге жедел түрде жөнелтеді. Сонымен қатар, ақша аудару үшін арнайы шоттар да ашылды.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Шымкент қаласы мен Түркістан облысының жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп, Арыс қаласындағы оқиғаларды мұқият қадағалап, балаларды қаладан көшіруге және оларды орналастыруға белсенді түрде атсалысуда. Шымкент қаласына ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау Комитетінің төрағасы Ержан Ерсайынов пен ҚР Білім және ғылым министрінің балалардың құқықтары мәселелері жөніндегі кеңесшісі Раиса Шер жіберілді. Оқиға орнында жедел топтар жұмыс істеп жатыр. ҚР БҒМ өкілдері жергілікті атқарушы органдармен бірігіп, эвакуацияланған балалар тұратын орындарды, олардың тамақтануын ұйымдастыру және қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерімен айналысады. Сондай-ақ, бұл жұмысқа ҚР БҒМ аумақтық органдары (Түркістан облысы және Шымкент қаласы Білім және ғылым саласын бақылау департаменттері) қосылды. Балалар орналасқан барлық ұйымдар ҚР БҒМ Білім және ғылым саласын бақылау комитетінің бақылауында. Балалар мен ата-аналарды іздестіру үшін ҚР БҒМ Білім және ғылым саласын бақылау департаменті, білім басқармасы және қоғамдық ұйымдар өкілдерінен тұратын мобильдік топтар құрылды. Балалар облыс және Шымкент қаласының білім беру мекемелеріне орналастырылды. Білім басқармасының қызметкерлері үнемі байланыста және сағат сайын жағдай туралы баяндап отырады. 

Көшіру мәселелерін үйлестіру үшін жедел желі телефондары құрылды: 8-725-33-71-082; 8-725-33-71-313; 8-725-33-71-212; 87014483217 (WhatsApp).

Жергілікті атқарушы органдардың деректері бойынша, балалар мен олардың ата-аналарын көшіру Шымкент қаласында, Түлкібас, Ордабасы, Қазығұрт, Сарыағаш аудандарында жүзеге асырылды. 

Жалпы Арыс қаласында 24 201 бала оқитын 97 білім беру ұйымдары жұмыс істейді. Қазіргі уақытта Шымкент, Түркістан қалаларында, Ордабасы, Қазығұрт, Сарыағаш және Шардара аудандарында 47 халықты орналастыру орталықтары жұмыс істейді. Сондай-ақ, эвакуацияланған балалар үшін психологиялық қолдауды, медициналық сүйемелдеуді, бос уақытты өткізу шараларын ұйымдастыруды көздейтін іс-шаралар кестесі әзірленді. 

Жедел әрекет ету мақсатында "BALA QORGAU", "Арыста жоғалған балалар" телеграмм-чаттары жұмыс істейді. ҚР БҒМ қызметкерлері Арыс қаласының балаларына көмек көрсетуге бір күндік жалақысын аударғандығын атап өткен жөн.


Айгүл ТӘШЕТОВА, журналист

 


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!