Түркістан облысындағы сұмдыққа "Nur Otan" партиясы араласады

17:13, 17 сәуір 2019
70

"Nur Otan" партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Түркістан облысындағы бейкүнә сәбилердің қорлық көруі айтуға ауыз бармайтын адамшылыққа жат көрініс деп бағалап, "Nur Otan" партиясының бұл оқиғаны дереу назарға алатынын facebook-те жазды, деп хабарлайды Zakon.kz.

"Түркістан облысындағы сұмдық оқиғаны естігенде қиналмаған адам болмаған шығар. Бейкүнә сәбилердің мұншалықты қорлық көруі айтуға ауыз бармайтын адамшылыққа жат көріністер. Сондықтан "Nur Otan" партиясы бұл оқиғаны дереу назарға алып, қажетті шараларды қолға алды.

Осыған орай партия жанынан құрылған Республикалық балалар құқығын қорғау жөніндегі кеңес шұғыл іске кірісіп, мән-жайды анықтау жұмыстарын бастап кетті. Соған байланысты Кеңес төрағасының орынбасары Динара Закиеваға және партияның облыстық филиалына тиісті тапсырмалар берілді. Қажет болса партия тергеу жұмыстарына да көмектесуге дайын. Біз кінәлінің заң аясында жазаға тартылуы үшін барлық шараларды қолға аламыз.

Жалпы мұндай озбырлықпен бүкіл қоғам болып күресуіміз керек. Сондықтан әр азамат осындай оқиғаларға бей-жай қарамай өз үнін қосса деймін. Бала құқығын таптап, елдің болашағын тұншықтыруға ешкімнің құқығы жоқ. Әр бала бақытты болуға лайық. Сондықтан партия бұл істі аяқсыз қалдырмай, соңына дейін қатаң қоғамдық бақылауда ұстайды", деп жазылған Әшімбаевтың парақшасында.


Источник: zakon.kz


Пікір