Түркістан облысында жаңа аудан құрылып, әкімі тағайындалды

16:49, 22 сәуір 2021
369

© Сурет: Түркістан облыстық әкімдігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен жаңадан құрылған Түркістан облысы Сауран ауданының алғашқы әкімі тағайындалды. Өмірзақ Шөкеев Сауран ауданының активіне жаңа әкімді таныстырды, деп хабарлайды zakon.kz.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 87-бабына сәйкес, ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен және Сауран аудандық мәслихаты депутаттарының бірауыздан қолдауымен, Сауран ауданы әкімінің лауазымына бұған дейін облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметін атқарып келген Ғани Құрмашұлы Рысбеков тағайындалды. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Сауран ауданының әкіміне алдағы жұмысына сәттілік тілей отырып, абыройлы еңбек ететініне сенім білдірді.

"Биыл 12 наурыздағы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жарлығымен орталығы Шорнақ ауылында орналасқан, құрамына 12 ауыл округі енгізілген Сауран ауданы құрылған болатын. Бұл – үлкен жеңіс, тарихи оқиға. Бүгінгі тарихи сәтпен Сауран ауданының халқын құттықтаймын. Сауран ауданында үлкен потенциал бар. Жаңа ауданға тәжірибелі арнайы әкімді тағайындап отырмыз. Аудан экономикасын көтеруге бар тәжірибесін, білімін, күш-жігетір жұмсайды деп сенемін. Аудан қайта бой түзеп келе жатқан Түркістан қаласымен шектеседі, сондықтан, Сауран ауданына ерекше көңіл бөлінеді. Басты мақсат – аудан халқына барынша қолайлы тұрмыстық жағдайлар жасау. Ауыл, елді мекендерімізді жайлы, қауіпсіз, таза да көрікті аумаққа айналдыру. Жаңадан тағайындалған аудан басшысына депутататтармен және аудан активімен бірлесіп, осы міндеттерді шешуді тапсырамын", – деді Өмірзақ Естайұлы.

Түркістан облысының әкімі жаңа ауданның алғашқы әкіміне басты назар аударатын бірқатар мәселелерге тоқталып, нақты тапсырмалар жүктеді.

Ғани Рысбеков 1962 жыл 8 сәуірде Түркістан қаласында туылған.

Білімі: жоғары. 1986 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институтын ғалым агроном мамандығы, 2005 жылы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетін қаржыгер мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1979 жылы Түркістан қаласында Чапаев атындағы колхозда жұмысшы болып бастаған. 1980-2015 жылдар аралығында Түлкібас жеміс-жидек зауытының жұмысшысы, Целиноград облысы Балхаш ауданы Веселовский совхозының аға агрономы, Түркістан ауданы әкімі аппараты ұйымдастыру бөлімінің инспекторы, меңгерушісі, Түркістан қаласы жастар ісі спорт және туризм басқармасының бастығы, Түркістан қаласы әкімдігінің шаруашылық басқармасы мемлекеттік мекемесінің бастығы, Түркістан қалалық мәслихатының хатшысы болған. 2019 жылдан бері Кентау қаласының әкімі, Қазақстан халқы Ассамблеясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары, облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметтерін атқарып келді.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!