Түркістан облысында су басқан аумақтан 150-ден аса адам эвакуацияланды

20:30, 2 ақпан 2023
179

© Сурет: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Өңірдің Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрғали Жүнісов облыс әкіміне есеп беріп, су басқан аула аумағынан құтқарушылар 154 адам және 200 бас ұсақ малды эвакуациялағанын жеткізді. Қазір ол адамдар туыстарының үйлеріне тарқай жайғасқан, деп хабарлайды Zakon.kz.

Халықты эвакуациялау және уақытша орналастыру үшін Сауран ауданында 4 эвакуациялық пункт дайындалды.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сауран ауданындағы су тасқынына байланысты өзге де аудан, қалалардағы жағдайды саралау мақсатында Төтенше жағдай департаментінде штабтың шұғыл отырысын өткізді. Жиынға Төтенше жағдай департаменті мен Полиция департаментінің басшылығы, басқарма басшылары қатысты. Өңір басшысы қазіргі ахуалға тоқталып, тасқын су салдарын жою және қауіпсіздік шараларын күшейту жөнінде тапсырма берді.

"Су тасқынының алдын алу бойынша жоспарлар жасалып, тиісті жұмыстар қолға алынды. Қауіпті аймақтарға техника мен күшті жұмылдырып жатырмыз. Бірақ жауын-шашынның мөлшерден артық түсуі, ауа райының күрт жылынуынан қардың тез еруі бірнеше ауылды әбігерге салып отыр. Кеше облыстағы су нысандары мен өзендерді қарап шықтық. Барлық аудан, қалада күшейтілген режимде жұмыс жалғасып, қауіпсіздік шаралары сақталуы тиіс", – деген Дархан Сатыбалды әр ауданда, ауылда келтірілген шығынды есептеу бойынша арнайы комиссиялар жасақтауды тапсырды.


Төтенше жағдай

Сурет: ҚР ІІМ баспасөз қызметі


Түркістан облысы бойынша төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісов су тасқынына байланысты соңғы деректерді баяндады. Оның айтуынша, барлық аудан, қалада жұмыс күшейтіліп, су нысандары бақылауға алынған.

Жауын-шашын көп түсуіне және қардың еруіне байланысты Бәйдібек, Сауран, Ордабасы аудандарындағы бірнеше ауылдағы үйлердің аулаларын су басты. Еріген қар суы 15 елді мекендегі көшелер мен аула учаскелері арқылы ағып өтті. Қазіргі таңда 13 көше, 186 аула аумағы, 1 тұрғын жеке үйге су кірген. ТЖД күшімен су басқан аула аумағынан 154 адам және 200 бас ұсақ мал эвакуацияланған. Ол адамдар туыстарының үйлеріне жайғасты.


Төтенше жағдай

Сурет: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі


"Облыстық маңызы бар 11 автомобиль жолының 23 учаскесінде су жиналған. Ордабасы ауданындағы "Найман" және "Құртай" каналында су деңгейі көтерілді, қазіргі уақытта су Арыс өзеніне құйылуда. Үйлерді су басуға жол бермеу мақсатында 2500 бірлік көлемінде қапшықтарды төсеу жұмыстары жүргізілуде. Майдантал ауылында суды қашырту үшін жасанды каналдар қазылып, аула учаскелерін су басу қаупі сейілді. Қазіргі уақытта құрбандар мен зардап шеккендер жоқ", делінген ҚР ТЖМ баспасөз қызметінің хабарламасында.

Жауын-шашын облыс аумағында тоқтады. Алайда су ағыны жалғасуда. Суды қашыртуға барлығы 308 адам, 51 бірлік техника, 25 мотопомпа, 1 жүзу құралы жұмылдырылды.


Төтенше жағдай

Сурет: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі


Өңір басшысы бірнеше басқарма басшысының осы жағдайға байланысты атқарған жұмыстарын саралады. Тапсырмалар берді. Құрылыс басқармасы тарапынан су басқан ауылдарға техникалар жіберілген. Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы жедел медициналық көмек бригадалары жасақталғанын мәлімдеді. Ауыл шаруашылығы мен жол саласына жауапты басқарма басшылары жолдарды ретке келтіру, автобуспен қамту, облысқа тиесілі каналдарды тиімді пайдалану бағытындағы жұмыстарды баяндады. Полиция департаменті де күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.

Айта кетсек, ҚР ТЖМ облыстағы су басқан елдімекендердің суреті мен видеоларын жариялаған болатын.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!