"Тұпары аз бұл көштің есегі көп". Тоқтар Серіков елдің сай-сүйегін сырқыратты

17:38, 14 қазан 2019
82

Әнші әрі меценат Тоқтар Серіков бүгінгі заман туралы толғау орындап, елдің сүйіспеншілігіне бөлінді. Ютуб желісінде жарияланған оның бұл толғауы тілін білмейтін, иман жоқ, тойымсыз, қанағатсыз, елінің байлығын сыртқа таситын қазақтар, сөзінен, өзінен қадір кеткен, панасы, қамқоры жоқ қазақтар жайында, деп хабарлайды Zakon.kz.

"...Бауыржан сен жақсы бір көшті бастап бара жатарсың. Сенен бөлек тағы бір көш кетіп барады. Ол - дүбара көш. Олар да қазақ. Бірақ қазақ деп айтуға ұялатын, діндерін, тілдерін құрметтемейтін, бірақ түрі қазақ болғанмен қазақты аса жақсы көрмейтін бір көш кетіп барады. Ол - шалақазақтардың көші, бай-манаптардың көші. Сол көшке құрметтеп көп ән жазылмаған екен. Солар өкпелеп қалмасын деп ән жаздым, соны орындап берейін,,- дейді видеодағы бір отырыста қолына домбыра алған Тоқтар Серіков.

Бір көш кетіп барады-ей, көсемі көп,

Тұпары аз бұл көштің есегі көп

Қанағатсыз, тойымсыз пәс пенделер

Алары көп, қайтейін, есебі зор.

Бір көшіп кетіп барады-ей, батыры жоқ

Балтасы бар қолында, ақылы жоқ

Мырзасынып біреулер мырс-мырс күліп,

Мадақ айтқан қасында ақыны көп.

Бір көшіп кетіп барады-ей, данасы жоқ

Ілескен жұрт артында панасы жоқ

Бір бай кетіп барады-ей кердең-кердең

Қатыны көп, қасында баласы жоқ.

Бір көш кетіп барады-ей, жиғаны көп,

Жұртқа тастап қалғанын сыймады деп,

Ата-анасын зарлатып-еңіретіп,

Ұрпақ кетіп барады иманы жоқ.

Бір көш кетіп барады-ей, түйесі көп,

Мына көштің белгісіз иесі жоқ

Бір сөз кетіп барады-ей желмен ұшып,

Киесі жоқ тыңдайтын, жүйесі жоқ.

Бір көшіп кетіп барады-ей, күймесі жоқ

Омырауы ашық қыздардың түймесі жоқ

Сақалсыз шал, кемпірлер кимешексіз

Оймағы жоқ, қолында инесі жоқ.

Бір көшіп кетіп барады-ей, тілін білмей

Жаратқанын танымай, дінін білмей

Бір көшіп кетіп барады-ей, міне осылай

Бірін білсе жалғанда бірін білмей.

Қолдаса еді бір Алла елімізді,

Қалған мұра бабадан жерімізді!

Қасқыр намыс, қой мінез қайран қазақ

Төгейікші бірлікке терімізді!


Источник: zakon.kz


Пікір