«Туған жер» бағдарламасы өңірлерге тың серпін беруде

22:35, 19 қазан 2017

Расында да  кіндік қаның тамған жер, балғын балалық шағың өткен ауылға деген ыстық сезім өлкеңді өркендетуге ынтаталандырады. Елбасы мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы сол сезімнің шоғын үрлей түскендей. 

Жуырда Ақтөбеден бастау алған «Туған жер» форумы бүгін еліміздің шығысында жалғасын тапты. Игі шараны барша қазақстандықтар қолдап отыр. 

Қыркүйектің соңында Ақтөбеде өткен «Туған жер» форумы көпшілікке ерекше әсер қалдырды. Шара аясында 76 млрд теңгенің 20 шақты меморандумына қол қойылды. Демеушілер 5 млрд теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсеткен. Өңірдің өркендеуіне әр сала мамандары үлес қосып, кейінгі ұрпаққа үлгі көрсетті.

Ербол Нұрғалиев, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары:

– Мастер класс, семинарлар өтті. 10 мыңдай адам оған қатысты. Сонымен қоса медицина саласы бойынша 29 күрделі операция жасалды. Ең бастысы – нәтиже. Біздің  облысқа үлкен бір серпіліс берді. Біздің сыртта, алыста жүркен жерлестеріміз келіп, туған жерге деген ықыласы ерекше болды.

Ал Шығыс Қазақстан облысында демеушілер мен меценаттардың қаржысы есебінен 929 әлеуметтік жоба жүзеге асырылмақ.  Тек «Менің мектебім» бағдарламасы аясында химия, физика, биология сыныптарын заман талабына сай жабдықтап, робототехника кабинеттерін ашу көзделген.

Шынар Шарапиева, Асубұлақ орта мектебінің директоры:

– Менің мектебім акциясы бойынша, біздің жерлесіміз Телебаев Мұрат Сұлтанғазинович бізге 4 млн қаражат бөліп отыр. Бұл робототехника кабинетіне жұмсалады. Бұрын ондай кабинет болған жоқ. Қаланың мектептерінен кем болмаймыз.

Қарағанды облысының кәсіпкерлері де белсенді. Қалталы азаматтардың қаржысына биыл өңірде 19 балалар алаңы салынған. Сонымен қатар бірнеше жыл қараусыз жатқан саябақтың іші қалпына келтіріліп, жаттығу құрылғылары орнатылды. Бұған қоса ғашықтар алаңы салынып, аллея жаңартылды. Игі шараны жүзеге асыруға бірден 30 кәсіпкер қолдау білдіріпті. Олар: «Мұнымен шектелмейміз», – деп отыр.

Евгений Цой, кәсіпкер:

– «Туған жер» бағдарламасына біз де өз үлесімізді қосуды жөн көрдік. Осылайша ұжымымызбен ақша жинап, шағын балалар алаңын салдық. Былтыр да біреуін тұрғызғанбыз, келесі жылы да дәл осындай балалар алаңын орнату жоспарымызда. Қаламызды көркейтуге шамасы келетін әр кәсіпкер қолдау білдіруі тиіс. 

 «Туған жер» бағдарламасының мақсаты – әр азаматтың кіндік қаны тамған ауылына құрметін еселеу, сол арқылы туған елге деген сүйіспеншілігін қалыптастыру. «Бағдарлама аясында тек кәсіпкерлер емес, әрбір сала өкілі, әрбір азамат белсенділік танытуы тиіс», – дейді тарихшы Бүркіт Аяған.

Бүркіт Аяған, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

– Әр қазақстандық, әр қазақ ойлану керек. Мен елімен не істедім? Не пайда әкелдім? Тек мемлекеттен алу ғана емес, мемлекетке қайтару деген бар. Қазақстаннан шыққан миллионерлер мен миллиардерлер аз емес. Олардың байлықтары шет елдерде жатыр. Және олар салықты сол жаққа төлейді. Олар біреуді тойдырғанша, осы еліне алып келіп, балалық борышын түсінсе дегенім ғой. 

«Бөтен жердің гүлінен, туған жердің тікені артық», – дейді қазақ. Сұлтан Бейбарыс та солай ойласа керек. Оның қапыда құлдыққа түсіп, жат елде жүріп сұлтандыққа дейін көтерілгені тарихтан мәлім.  Бүтін бір Мысырды басқарған Бейбарыс бабамыз елін, жерін сағынып, патшалықты тастап, атамекеніне оралған еді.  Туған жерге деген іңкәр¬лік сезім мен перзенттік парыз, аңсау мен сағыныш одан жыраққа кет¬кен кезде көбірек көрініс беретіні дәлел-деуді қажет етпейді.

Ерлан Сайлаубай, Л.Н.Гумилев атындағы  ЕҰУ қазақстан тарихы кафедрасының доценті:

– Жалпы тарихта жазылмайтын қағида бар. Әр адам өзінің туған жері, кіндік қаны тамған жерінен 300 км асып кетсе, ол 1-2 жыл өткенде барып тұруы шарт екен. «Физиологиялық заңдылық», – дейді. Ғылыми тұрғыда дәлелденген. Өйткені ол сол жерден жаңа энергетика алады.

Жұмыр жер¬дің бетінде туған өлке мен ту¬ған топыраққа деген тартылысқа тең келетін бір де бір күш жоқ. Алайда балалық шағы өткен, биік белеске жетелеген ауылы тозып, қаңырап, бос қалса, жүрегі ауырмайтын адам болмас. Туған жер бағдарламасы әрбір отандасымызды кіндік қаны тамған өлкені өркендетуге, елі алдындағы парызын өтеуге үндейді.

Авторлары: Гүлмайра Қуатбайқызы, Бекболат Базаров

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!