Тозығы жеткен Қызылордадағы баспаналар: тұрғындар қирау алдында тұрған үйлерде өмір сүріп жатыр
© Сурет: Меруерт Қалиева
Қызылордаға күз әдетте жаңбырлы келеді. Бұл маусымнан әсіресе Титов кенті маңындағы апатты үйлердің тұрғындары үрейленіп отыр. Осыдан 60 жыл бұрын салынған екі қабатты үйлердің қазіргі жағдайы мүшкіл, деп хабарлайды Zakon.kz.
Күзгі жауын-шашын ескі үйлердің ішін одан сайын ылғалдандырып, тұруға мүлде жарамсыз ете түседі.
Қызылордалық Ботагөз Әбішева Zakon.kz тілшісіне берген сұхбатында әр күні қорқынышпен өтетінін айтты.

Сурет: Меруерт Қалиева
"Біздің төбеміз кез келген уақытта опырылып түсуі мүмкін, бетон қабырғалар құлауға жақын. Үш жыл бұрын үйіміз апатты деп танылған. Әкімдіктен бірнеше рет келіп, жағдайымызды көріп кетті. Бірақ кезегіміз жылжымай тұр. Кім келсе де, бір сұрақты қояды: қалай мұнда өмір сүріп жатырсыздар? Көшіп кетуге, пәтер жалдауға жағдайларыңыз жоқ па? Сатсаңыздар қайтеді, бірдеңе қылып құтылыңыздар дейді. Апатты үйді кім сатып алады? Сіз алар ма едіңіз? Жер теліміне не болмаса ең болмағанда бір бөлмелі пәтер алуға ақшамыз жоқ. Егер ондай мүмкіндік болса, біз жылдар бойы осы азапты көріп, әкімдіктің табалдырығын тоздырар ма едік?" – дейді Ботагөз Әбішева.

Сурет: Меруерт Қалиева
Оның айтуынша, аудандарында осындай жағдайдағы екі апатты үй бар. Екеуі де екі қабатты, әрқайсысында 12 пәтерден. Үйлердің қасынан жүк көліктері жүретін жол жатыр, олар өткенде үйдің ішінде сылақтар біртіндеп түсіп жатыр.

Сурет: Меруерт Қалиева
"Қазір күз, ылғалдылық қабырғаларға тағы жайыла бастайды. Киім салатын шкафта сасық иіс тұрады, желдетіп те кетіре алмайсың. Жазда терезелерді ашып, қабырғаларды сәл де болса құрғатып алуға мүмкіндік болатын. Ал енді ол да жоқ. Қандала мен тарақан әр үйде бар, олармен күресеміз, улаймыз – бәрібір қайтып шығады. Едендер сықырлап, кіреберістегі шатыр әрең тұр. Қазір құлап кетсе, таңғалмаймын. Кіреберісті, пәтерді жөндеп тұрамыз, шатырды да ауыстырдық – пайдасы жоқ", – дейді тұрғын.
Апатты үйдің тағы бір тұрғыны – Тұрдалы Айтжанов. Ол осы үйде 20 жылдан бері тұрып келеді. Қасында балалары мен немерелері бар. Күн сайын қолынан келгенше жөндеп, сылап-сипап, бірдеңені ауыстырып жүреді. Алайда өз күшімен тұрғын үй мәселесін шешуге қауқарсыз – отбасы табысы күнделікті қажеттерінен аспайды. Жаңа баспана алу – оның айтуынша, жай қиял ғана.

Сурет: Меруерт Қалиева
Адамдардың көбі мұндай жерде қалай тұруға болатынын елестете де алмайды. Кейбірі тіпті үйде от жағатын пешпен, электржылытқышпен жылынуға мәжбүр, киіммен ұйықтайтын кездер де болады.
"Жаңбыр жауған сайын су тамбасын деп ыдыс қойып қоямыз. Қабырғалар онсыз да дымқыл. Еден мен төбенің ағаштары шіріп жатыр. Үйдің іші үнемі суық, сылақтар түседі. Кәдімгі ескі ауыл үйі сияқты – сыртта орналасқан ортақ дәретхана, жұмыс істемейтін кәріз жүйесі. Кеміргіштермен күресу – өз алдына проблема. Біз үнемі қорқынышпен өмір сүреміз – мына үй тағы бір жаңбырды, тағы бір қысқы аязды көтере ала ма деп? Апатты үй деген – күн сайын "таңды аман көре аламыз ба?" деп үреймен ұйықтау", – дейді Тұрдалы Айтжанов.
Осы үйлердің тұрғындары жаңа баспанаға көшетін күнді асыға күтеді. Бірақ нақты қашан көшетіндерін ешкім білмейді.

Сурет: Меруерт Қалиева
Қаладағы тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Абзал Рысбектің айтуынша, 2019 жылдан бері Қызылордада 72 апатты үй анықталған, қазіргі таңда жаңа пәтер кезегінде 700-ден астам отбасы тұр. 2021 жылы апатты үйлерде тұрған 93 отбасы, 2022 жылы – 60 отбасы, ал 2023 жылдың наурыз айында тағы 40 отбасы жаңа пәтерге ие болған.
Жаңа пәтерлер әдетте зейнеткерлерге, әлеуметтік осал топтарға беріледі. Олар үшін жалғыз жол – мемлекеттің көмегі.

Сурет: Меруерт Қалиева
"2025 жылдың наурызында осы санат бойынша кезекте тұрған 135 азамат Титов кентінен жаңа пәтер алды. Жыл соңына дейін осы ауданда тағы 135 пәтерлік үйдің құрылысы аяқталып, апатты үйлердің тұрғындарына беріледі деп жоспарланған. Заң бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін баспана тек кезек тәртібімен үлестіріледі", – деп мәлімдеді Қызылорда қаласы әкімдігінің тұрғын үй инспекциясы бөлімі.
Бұған дейін еліміздегі тағы бір қалада жылыту маусымы басталатындығын жазған болатынбыз.
Источник: zakon.kz
Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!
Тағы да оқыңыздар:
-
10:14, 7 желтоқсан 2025
Михаил Шайдоров мәнерлеп сырғанаудан Гран-при финалында алтыншы орын алды
-
09:55, 7 желтоқсан 2025
Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Хорватиядағы турнирде үшінші орын алды
-
09:09, 7 желтоқсан 2025
Батырхан Төлеуғали таеквондодан жастар арасындағы әлем чемпионатының алтын жүлдегері атанды
-
17:57, 6 желтоқсан 2025
Түркістан облысында жұдырығына ерік берген шенеунік жұмысынан айрылып тынуы мүмкін
-
17:45, 6 желтоқсан 2025
«Боран, көктайғақ». Астана мен еліміздің 16 өңірінде дауылды ескерту жарияланды





