Төлем карточкалары бойынша операцияларды өңдеу үшін Жол картасы бекітілді

12:46, 12 сәуір 2021
165

© Сурет: primeminister.kz

Халықты вакцинациялау қарқыны әлемдік экономиканы қалпына келтірудің басты шартына айналды. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ерболат Досаев ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында баяндады, деп хабарлайды zakon.kz.

"Қазақстандағы іскерлік белсенділік индексі 2019 жылғы желтоқсаннан бері құрылыстағы белсенділіктің төмендеуі кезінде көрсетілетін қызметтер мен өнеркәсіп секторындағы көрсеткіштің жақсаруы есебінен 49,0-ден 50,6-ға дейін ұлғайып, алғаш рет өсу аймағына шықты", — деді Ұлттық банк төрағасы.

Биылғы жылғы наурызда нан-тоқаш өнімдері, ет, қант және жеміс-көкөніс өнімдері бағасының баяу өсуі аясында азық-түлік инфляциясының 11,6%-дан 10,7%-ға дейін баяулауы есебінен инфляция 7,4%-дан 7,0%-ға дейін баяулады. Ақылы қызметтердің инфляциясы 3,9%-дан 3,7%-ға дейін баяулады, бұған тұрғын үй-коммуналдық қызметтердің жекелеген түрлеріне тарифтердің төмендеуі алып келді.

"2021 жылдың соңына қарай инфляция 4-6% нысаналы дәліздің жоғарғы шегіне дейін төмендейтіні күтілуде", — деді Досаев.

Қазақстанның негізгі сауда серіктестеріне ЕО елдері, Ресей және Қытай жатады. Сонымен қатар, импорттың негізгі көлемі Ресейден келеді, оның үлесіне 34,9% тиесілі. Ресейден азық-түлік импорты 2020 жылы 2019 жылмен салыстырғанда 8,4%-ға ұлғайып, $1,9 млрд құрады.

"Ұлттық қордың активтері қорға қаражат түсімдерін бөлудің асып кетуіне байланысты бір айда $523 млн төмендеп, биылғы жылғы наурыздың соңында $57,1 млрд құрады", — деді қаржы саласының басшысы.

Биылғы жылғы наурызда нысаналы және кепілдік берілген трансферттерді 322 млрд теңгеге немесе $765 млн көлемінде бөлу үшін $695 млн сатылды. Ұлттық қорға наурызда түскен түсімдер барлығы 65 млрд теңгені, оның ішінде шетел валютасында $100,6 млн немесе 42,7 млрд теңгеге тең балама мөлшерді құрады. Ұлттық қордың бір айдағы оң инвестициялық кірісі $72 млн немесе 0,13% болды. Сонымен қатар, ағымдағы жылғы 1-тоқсанда инвестициялық табыс $182 млн құрады.

Акциялардың өсуі, сондай-ақ облигациялар мен алтынның оң түзетілуі аясында инвестициялық табыс жыл басынан бастап 9 сәуірге дейін өсті және $580 млн болды. Алтын жоғары құбылмалылықты көрсетіп, сәуірдің басынан басталатын бағасы бір унция үшін $1744 долларға немесе 3,5%-ға дейін өсті, бұл алтын портфелін $756 млн қалпына келтіруді қамтамасыз етті.

Биылғы жылғы наурызда еркін айырбасталатын валютадағы активтердің төмендеуі, оның ішінде екінші деңгейдегі банктердің еурооблигацияларын өтеуге, сондай-ақ жобаларды мемлекетаралық банктің қаржыландыруына байланысты Ұлттық банк клиенттерінің коршоттардағы қаражаты мен салымдарының $335 млн төмендеуі есебінен $317 млн құрады. Мемлекеттік борыш төлемі $72 млн болды.

Нәтижесінде биылғы жылғы наурызда жалпы халықаралық резервтер $90,64 млрд құрады. БЖЗҚ зейнетақы активтері биылғы жылдың басынан бері халықтың қаражатты мерзімінен бұрын алуына байланысты 0,3 трлн теңгеге немесе 12,6 трлн теңгеге дейін 2,3%-ға төмендеді. Салымшылар енгізген зейнетақы жарналарының көлемі 299,1 млрд теңгені, зейнетақы төлемдері 77,1 млрд теңгені құрады. Е. Досаев атап өткендей, ағымдағы жылдың басынан бастап есептелген инвестициялық табыстың мөлшері 367,2 млрд теңгені құрады.

Биылғы жылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша инфляция 1,9% кезінде 2,8% мөлшерінде кірістілік алынды. Инвестициялық қызмет, сондай-ақ зейнетақы активтерін нарықтық және бағамдық қайта бағалау нәтижесінде нақты кірістілік қамтамасыз етілді.

Биылғы жылғы 9 сәуірдегі жағдай бойынша 1 трлн теңгеден аса сомаға салымшылардың зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алу бойынша 210,8 мың өтініші орындалды. Алынған жинақтардың 99,4%-ын азаматтар тұрғын үй мәселелерін шешуге жұмсады. 4 басқарушы компанияның сенімгерлік басқаруына 2,5 млрд теңгеге зейнетақы жинақтары берілді. Өңірлер бөлінісінде Маңғыстау облысының, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларының үлесіне барлық шешіп алулардың 60,2%-ы тиесілі болды. Жыл басынан бері банк жүйесіндегі депозиттер 22,5 трлн теңгеге дейін 2,1%-ға ұлғайды, оның ішінде ұлттық валютада – 3,9%-ға немесе 14,4 трлн теңгеге дейін 535,0 млрд теңгеге, шетел валютасында 0,9%-ға немесе 8,2 трлн теңгеге дейін 77,5 млрд теңгеге азайды.

"Депозиттердің долларлану деңгейі 2021 жылғы ақпанда 2013 жылдан бергі ең төменгі мән 36,2%-ға жетіп, төмендеуді жалғастырды", —деді Ұлттық банк төрағасы.

Экономиканы қолдау үшін Мемлекет басшысының дағдарысқа қарсы бастамаларын іске асыру жалғасуда.

"Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы бойынша биылғы жылғы 9 сәуірдегі жағдай бойынша екінші деңгейдегі банктерге 1,1 трлн теңгеге 1 472 өтінім келіп түсті, банктер 607,3 млрд теңгеге 874 қарыз берді. Кәсіпкерлік субъектілерін жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасы бойынша биылғы жылдың 9 сәуірде кәсіпкерлер 745,6 млрд теңгеге 2 956 өтінім берді, 751,2 млрд теңгеге 7 532 қарыз берілді, оның ішінде бұрын берілген қарыздарды өтеуден түскен ақша есебінен 178,9 млрд теңгеге 2 863 қарыз берілді. 2021 жылғы 2-тоқсанда қаражатты толық игеру күтілуде, 2021 жылдың қорытындысы бойынша 800 млрд теңгеге 8 500 жобаны қаржыландыру күтілуде.

"7-20-25" бағдарламасы бойынша 2021 жылғы 8 сәуірде 681,3 млрд теңгеге 56 994 өтінім қабылданып, оның ішінде 308,8 млрд теңгеге 26 010 қарыз берілді. "Баспана Хит" нарықтық ипотекалық бағдарламасы бойынша 2021 жылғы 8 сәуірде 1,1 трлн теңгеге 119 103 өтінім алынды, 451,3 млрд теңгеге 50 109 қарыз берілді. Бағдарламаны қаржыландыруды 600 млрд теңгеге дейін ұлғайтуды ескере отырып, оның игерілуін 2021 жылдың соғына дейін аяқтау күтілуде.

Ұлттық банк нарықпен бірлесіп екі негізгі құрамдас бөліктен тұратын Ұлттық төлем жүйесін құру бойынша жұмысты жалғастыруда.

"Мезеттік төлемдер жүйесін дамыту үшін қажетті нормативтік-құқықтық база қалыптастырылды, ол жүйенің мәртебесі мен қызмет ету ерекшелігін анықтайды. Нарық қатысушыларымен бірге сәйкес Жол картасы бекітілді, түрлі клиент категориялары арасында төлем жасау сценарийлері айқындалды. Қазір Мемлекет басшысының тапсырмасымен мемлекеттік органдармен бірлесіп осы жүйенің негізінде азаматтардың әлеуметтік әмиянын енгізу және қолдану үшін пилоттық жобаны ұйымдастыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Жүйені пилоттық енгізу ағымдағы жылдың 4 тоқсанына жоспарланған", — деді ол.

Ел ішінде төлем карточкалары бойынша операцияларды өңдеу үшін банкаралық жүйесін қалыптастыру шеңберінде нарық қатысушыларымен бірге сәйкес Жол картасы бекітілді. Жүйенің жұмысына функционалды және техникалық талаптар әзірленді.

Сондай-ақ Қазақстанның жергілікті жүйесімен өзара іс-қимыл моделін анықтау бойынша халықаралық төлем жүйелерімен келіссөздер жалғасуда. Ұлттық банк келіп түскен ұсыныстарды ескере отырып, жергілікті жүйе жұмысының неғұрлым тиімді тетігін айқындайды.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!

Пікір