Тоқаевтың баспасөз хатшысы: Қытай Қазақ жеріне көз салып отырған жоқ

18:02, 13 қыркүйек 2019

ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Мемлекет басшысының Қытай Халық Республикасына сапарын қорытындылап, толыққанды мәліметтерді алға тартты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Берік Уәлидің айтуынша, екі күндік ресми сапары кезінде ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин мен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 10 маңызды құжатқа қол қойды.

"Бұл сапар біздің елдер арасындағы екіжақты қарым-қатынастардың дамуына үлкен ықпал етеді, жалпы сапар жемісті болды", - деді ол ОКҚ-да өткен брифингте.

Сонымен бірге ол екі ел арасындағы қарым-қатынастардың болашақ жайына да кеңінен тоқталды.

- Өздеріңіз білесіздер, Қазақстан Ресей Федерациясымен, сол секілді ҚХР-мен де шекаралас. Бүгінгі таңда шекараның ұзындығы 1782 шақырымды құрайды. Көрші ел болған соң, аралас-құралассыз өмір сүру мүмкін емес, Қытай біздің көршіміз. Сондықтан біз бұл елмен стратегиялық ынтымақтастықты қалыптастыруымыз керек. Әрине, Қытайда технология жақсы дамыған және ол экономикалық даму жағынан екінші орында тұрған алып мемлекет. Мұндай дамыған көршімен араласпау мүмкін емес, - деді Берік Уәли.

Оның айтуынша, Қытай "Қазақстанға тек стратегиялық серіктесі ретінде қарайды".

- Біз Қытай мұнда келіп, өзінің идеологиясын, саясатын жүргізбейтінін жақсы түсінуіміз керек деп ойлаймын. Керісінше, күнделікті өмірде күн сайын жаңарып жатқан технология мен инновацияны енгізуге көмектеседі. Қытай Қазақстан жеріне көз салып отырған жоқ, олар біздің тәуелсіздігімізді мен территориямыздың бүтіндігін мойындайды. Олар Қазақстанға тек стратегиялық серіктесі ретінде қарайды. Олардың басты мақсаты – сауда-саттық. Осы сауда-саттықпен пайдаға кеңелуде, сондықтан олар әлемнің барлық елімен сауда-саттық жүргізуге мүдделі. Қытайдың басты мақсаты осы, - деп түсіндірді ол.

Сонымен қатар ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Қазақстан Қытай инвестициясынан бас тарта алмайтынын да айтты.

- Екіншіден, қазір бүкіл әлемде қытай инвестициялары үшін таласып-тартысып жатыр, тіпті дамыған елдердің өзі де қытай инвестициясына қол жеткізгісі келіп, алға ұмсынады. Біз олардың инвестициясынан басымызды ала қаша алмаймыз. Олай болмайды. Бізге даму үшін ол инвестициялар қажет, - деді ол.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!