Тоқаевқа қастандық жасамақ болған адвокатқа қатысты сот үкімі шықты

22:01, 30 қыркүйек 2022
367

© Сурет: ҚР ҰҚК баспасөз қызметі

2022 жылы 28 қыркүйекте Астана қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты А-ға қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Zakon.kz.

ҚР ҚІЖК-нің 29-бабына сәйкес, аталған қылмыстық іске қатысты сот отырысы жабық жағдайда қаралды.

Жазалау бойынша сот шешімі:

  • А-ны кінәлі деп тану және мынандай жазалар тағайындау:

  • мемлекетке опасыздық жасағаны үшін (ҚР ҚК-ның 175-бабы, 1-бөлігі) - 11 жылға бас бостандығынан айыру;

  • Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы бір топ адаммен алдын ала сөз байласа отырып, атыс қаруын алып өткені немесе кедендік бақылаудан жасырғаны (ҚР ҚК-ның 286-бабы, 2-бөлігі, 4-тармағы) үшін - 9 жылға бас бостандығынан айыру;

  • бір топ адаммен алдын ала сөз байласа отырып, атыс қаруын және жарылғыш заттарды заңсыз сатып алғаны, сақтағаны әрі тасымалдағаны үшін (ҚР ҚК-ның 287-бабы, 4-бөлігі) - 7 жылға бас бостандығынан айыру;

  • бір топ адаммен алдын ала сөз байласа отырып, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды заңсыз дайындауға талпыныс жасағаны үшін (ҚР ҚК-ның 24-бабының 1-бөлігі, 288-бабының 2-бөлігі) - 4 жылға бас бостандығынан айыру;

  • мемлекеттік қызметінен кетіру әрі кек алу мақсатында Қазақстан Республикасы Президентіне қастандық жасауға дайындалғаны үшін (ҚР ҚК-ның 24-бабының 1-бөлігі, 178-бап) - 10 жылға бас бостандығынан айыру;

  • террористік актіге дайындалғаны үшін (ҚР ҚК-ның 24-бабының 1-бөлігі, 255-бабының 4-бөлігі) - 10 жылға бас бостандығынан айыру;

  • құқық қорғау органдарының, арнаулы мемлекеттік органдардың және әскери қызметшілерге қастандық жасауға дайындалғаны үшін (ҚР ҚК-ның 24-бабының 1-бөлігі, 380-баптың 1-бөлігі, 2-тармағы) – 10 жылға бас бостандығынан айыру;

  • есірткі заттарын заңсыз сатып алғаны, оны өткізу мақсатынсыз шағын және аса ірі мөлшерде сақтағаны үшін (ҚР ҚК-ның 296-бабының 4-бөлігі) - 5 жылға бас бостандығынан айыру.

ҚР ҚК-нің 58-бабының 4-бөлігіне сәйкес, айыпталушыны бас бостандығынан айыра отырып, жазаларды ішінара қосу арқылы 17 жылын қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеу түрінде түпкілікті жаза тағайындалды.

Сот қорытындысында сотталушы Астана қаласы адвокаттар алқасының заңгері екені көрсетілген.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетсек, 3 сәуірде Ұлттық қауіпсіздік комитеті Нұр-Сұлтанда шетелдік барлау агентінің ұсталғаны туралы хабарлады. ҰҚК мәліметтері бойынша, ұсталған адам Президентке және басқа да бірқатар жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлерге қастандық жасауды жоспарлаған.

Сондай-ақ олар арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қатысты террористік акті жасауды жоспарлаған.

Тінту кезінде шетелдік өндірістегі мылтық, есірткі құралдары және көп ақша табылып, тәркіленді.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!