Тоқаев «Үкімет індеттің таралуын бақылаудан шығарып алды» деген сыни пікірге жауап берді

11:25, 25 маусым 2020

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Ана тілі" газетіне эксклюзивті сұқбат берді, деп хабарлайды zakon.kz.

Мемлекет басшысы "Үкімет індеттің таралуын бақылаудан шығарып алды, сондықтан ауруханаларда орын жетіспейді және ақыры осы індеттің таралуына қарсы күресте еліміз жеңіліп бара жатқан сияқты" деген пікірге қатысты түсінік берді.

- Бұлай айтуға болмайды. Өздеріңізге мәлім, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұқпалы ауруларға арналған үш аурухана жедел салынды. Басқа өңірлердегі ауруханалар керек-жарақпен жабдықталды. Науқастарды емдеуге дәрігерлеріміздің біліктілігі жетеді. Қазір, ақ халатты абзал жандар күндіз-түні осы індетпен күрестің алдыңғы шебінде жүр. Мемлекет тарапынан қажетті қаражат бөлінді, - деді Тоқаев.

Президент өз сұқбатында биліктегілер де – өздеріңіз секілді ет пен сүйектен жаралған адамдар деп баса атап көрсетті.

- Лауазымды қызметкерлер жұмыс бабына байланысты бірқатар азаматтармен кездесуі керек, сондықтан ел ішіндегі іссапарларға шығады. Сондай жағдайда кеселді жұқтырып алуы мүмкін. Иә, олар да ауырады, науқасынан емделеді. Билікте жүргендердің арасынан 15 шақты адам осы дертке шалдықты, - деді Мемлекет басшысы.

Ал қазіргі статистика бойынша, вирус жұқтырғандар саны 20 мыңға жуықтады. Яғни олардың көпшілігі – қарапайым халық.

Президенттің айтуынша, бұл жердегі мәселе кімнің қалай жұқтырып алғанында емес. Сол азаматтарымыздың ауруын асқындырып алмай, тезірек жазылып шығуына жағдай жасау қажет.

- Ауруға шалдыққандарды шенеунік немесе қарапайым жұрт деп бөліп қарауға болмайды. Қазақ "Кемедегінің жаны бір" дейді. Біз бір елде тұрып, бір ауаны жұтып, бір қоғамда өмір сүріп жатқаннан кейін ешкім де бұл аурудан өзін толықтай қорғай алмайды. Бір планетаны мекен еткен соң өзге елдегі дерт бізге келмейді деп бейқам отыра алмаймыз. Пандемия шекараға қарамайды. Сақтансақ қана өзімізді, жақындарымызды аурудан аулақтата аламыз, - деді ол.

Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев ел азаматтарын карантин режимін қатаң сақтап, тазалыққа мұқият болуға шақырды:

- Бұл – өтпелі қиындық, уақытша сынақ. Біз осы індеттен және экономикалық дағдарыстан кейін қалай дамимыз, не істеуіміз керек деген мәселеге баса мән бергеніміз жөн.

Президент, шын мәнінде, бұл індет біздің ғана емес, жалпы әлемдегі адамзаттың бет-бейнесін, тұрмыс-тіршілігін өзгерткенін айтты.

- Ауыр дерттің алдында дамыған мемлекеттердің өздері дәрменсіз болып отыр. Оған бәріміз куәміз. Озық деп жүрген Еуропа елдері, азуын айға білеген АҚШ, Азия алыптары – Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, тағы басқа да елдер тығырыққа тірелгендей, - деді Тоқаев өз сұқбатында.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!