Тоқаев пен Путин ұшақ апаты себептерін анықтауда тараптардың атқарып жатқан жұмыстарын талқылады

21:53, 28 желтоқсан 2024

© Сурет: Ақорда

28 желтоқсанда Ресей тарапының бастамасымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ақорда баспасөз қызметінің хабарлауынша, президенттер Ақтау қаласының маңында Azerbaijan Airlines компаниясы ұшағының апатқа ұшырап, Қазақстан және Ресей азаматтарының қаза табуына байланысты бір-біріне көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин апат себептерін анықтау үшін тараптардың атқарып жатқан жұмыстарын талқылады. Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының Үкіметтік комиссиясы тергеу ісін Әзербайжан, Ресей және Бразилия елдерінің мамандарын тарта отырып жүргізіп жатқанын айтты.

Президенттер тергеу амалдарын жан-жақты және ашық жүргізудің маңызды екенін атап өтті.

Бұған дейін РФ президенті Владимир Путин Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевпен телефон арқылы сөйлесіп, одан ұшақ апаты үшін кешірім сұраған болатын. Өз кезегінде Әзербайжан президенті Бакуден Грозныйға ұшып шыққан Azerbaijan Airlines әуе компаниясының жолаушылар ұшағы РФ көгінде болғанда сырттай әсерлерге ұшырап, тек ұшқыштардың кәсібилігінің арқасында ғана Ақтау маңында апатты жағдайда қона алғанын мәлімдеді.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!