Тоқаев мемлекеттік аппараттың сервистік моделін қалыптастыруды тапсырды

15:03, 6 ақпан 2023
146

© Сурет: akorda.kz

6 ақпан күні ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаевты қабылдады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мемлекет басшысына Агенттіктің былтыр атқарған жұмыстары мен оның тапсырмаларының орындалу барысы жөнінде есеп беріліп, алдағы кезеңге арналған жоспары туралы баяндалды, деп жазды Ақорданың ресми сайты.

Президентке мемлекеттік қызметке кіру ісіндегі артық кедергілерді жою, одан шығу тәртібін жеңілдету үшін жүргізілген жұмыстар туралы мәлімет берілді. Дархан Жазықбаевтың айтуынша, мемлекеттік қызметке іріктеу және қабылдау процесін толық цифрландыру мақсатында "Е-қызмет" жүйесі жаңғыртылды және оның базасында биыл 1 наурыздан бастап жаңа іріктеу жүйесі пилоттық жоба ретінде іске қосылады.

Агенттік төрағасы бюрократиялық кедергілерді азайтуға бағытталған мемлекеттік органдардың қызметін талдау нәтижелері туралы да баяндады. Дархан Жазықбаев Агенттікті толыққанды HR-институтқа айналдыру жөніндегі жоспарлы шараларға арнайы тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа салалық кадрлардың мемлекеттік аппаратқа қажеттігін ескере отырып, Президенттік жастар кадр резервіне кезекті іріктеу өткізуге дайындық жұмыстарының басталғаны жөнінде мәлімет берілді. Сондай-ақ өңірлік жастар кадр резервтерін құру жоспарда бар.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік аппараттың сервистік моделін қалыптастыру және мемлекеттік қызметті одан әрі жетілдіру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыруды тапсырды.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!