Тоқаев Маңғыстау өңірін дамытудың кешенді жоспарын бекітуді тапсырды

18:57, 22 қыркүйек 2021
89

© Сурет: Ақорда

Мемлекет басшысы Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңесте өңір экономикасын, соның ішінде шағын және орта бизнесті әртараптандыруға арнайы мән берді, деп хабарлайды zakon.kz.

Ақорданың хабарлауынша, шикізат секторындағы, оның ішінде дәрі-дәрмек, медициналық бұйымдар, электр кабельдері өндірісі бойынша жобаларды жүзеге асыруға мән бере отырып, Арнаулы экономикалық аймақтың әлеуетін одан әрі арттырудың өзектілігіне назар аударылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев өңірде жаппай мал шығынына алып келген қуаңшылық мәселесіне қатысты көзқарасын білдірді. Мемлекет басшысы мұқтаж фермерлерге көмек көрсету кезінде шенеуніктердің сылбырлығын сынға алды. Оның айтуынша, облыс әкімдігі мен құзырлы министрлік қайта-қайта қағазын түгендеп, құжатын реттеп отырғанда ахуалды тұрақтандыру үшін резервтен бөлінген тиісті қаражат қиналған шаруаларға мезгілінде жетпеген.

– Құдық қазуға бөлінетін субсидия 80-нен 50 пайызға дейін қысқарған болатын. Үкіметке бұл шешімді қайта қарауды тапсырамын. Маңғыстау және Қызылорда облыстары үшін өтемақы мөлшерін қайтадан 80 пайызға дейін көбейту қажет. Құзырлы министрлік шөлді аймақта ауыл шаруашылығын дамыту үшін ұсыныс енгізсін. Оның ғылыми негізі болуы шарт. Халықаралық озық тәжірибені, соның ішінде Израильдің тәсілін зерттеңіздер, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент заңсыз балық аулау әрекеттерінің көбейіп кеткенін тағы бір өзекті проблема ретінде атады. Осы ретте, Мемлекет басшысы мұның қудалаумен ғана шешілмейтінін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев балық өсіріп, оны өңдейтін кәсіпорын құруға қолайлы жағдай жасау керек деп есептейді.

Президент еліміздегі ең үздік он туристік аймақтың қатарына қосылатын Маңғыстау облысының туристік әлеуеті зор екенін атап өтті. Ол мұның дәлелі ретінде осы жылдың бірінші жартысында туристер саны үш есе артқанын алға тартты. Дегенмен, Президент курортты жерлердің туристік әлеуеті толық игерілмей отырғанын жеткізді.

– Каспий жағалауы сияқты дәстүрлі бағыттармен қатар, жақын келешекте Кендірлі курорт аймағы мен Баутин портының да мүмкіндігін тиімді пайдалану қажет. Ақтау қаласындағы туристік аумақта инженерлік және көлік инфрақұрылымы жасалуға тиіс. "Самұрық-Қазына" қоры биыл "Сарша" елді-мекені мен "Жылы жағажай" курорттық аймағына газ тарту жұмысын аяқтауы керек, – деді Мемлекет басшысы.

Президент газбен қамтудың перспективалары туралы айта келіп, Үкіметке "Самұрық-Қазына" қорымен бірлесіп, үш жыл мерзімде "Бейнеу-Жаңаөзен" магистральді газ құбырының екінші бөлігінің құрылысын қамтамасыз етуді және Маңғыстау облысының газ тасымалдау жүйесін реконструкциялауды тапсырды. Бұл газ химия өнеркәсібін дамытуға мүмкіндік береді.

Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау проблемаларына арнайы тоқталды. Мемлекет басшысы облыста екпе салу жұмысы өте баяу жүріп жатқанын, еңбек ұжымдары екпеден жаппай бас тартып отырғанын, жергілікті жұрттың жартысына жуығы медициналық қызметтің сапасына риза емес екенін атап өтті. Президент дәрігерлердің жетіспеушілігін тағы бір өткір проблема ретінде көтерді.

Өңірде 276 медицина маманы жетіспейді. Соның ішінде емханаларға 147 дәрігер қажет. Сөйте тұра, жолдамамен келген жас мамандардың 28 пайызы ғана әлеуметтік қолдауға ие болған. Бұл еш қисынға келмейді. Біз жас мамандарды жұмысқа белсенді тартып жатырмыз. Бірақ, оларға уәде еткен көмекті бере алмай отырмыз. Аймаққа қажетті барлық медицина қызметкерлеріне толық әлеуметтік қолдау көрсетуді облыс әкімдігіне тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымы мен материалдық-техникалық базасын жаңартуды маңызды міндет санайды. Үкімет пен әкімдік осы мәселені шешуі керек. Өңірдегі тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығының жағдайы да Президент назарынан тыс қалмады.

– Қала тұрғындарының саны өскен сайын электр қуатын тұтыну көлемі де арта түспек. Сондықтан әкімдік 2023 жылға дейін Ақтаудағы Ботаникалық бақтың маңына қосалқы электр станциясын салуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Ақтау қаласын көгалдандыру жұмыстарын сапалы ұйымдастыруды талап етіп, облыс әкіміне ағаш отырғызу мәселесін шешуді тапсырды.

Бұдан бөлек Президент жергілікті экологиялық проблемаларға, соның ішінде "Қошқар Ата" қалдықтар қоймасына қатысты мәселеге тоқталды. Мемлекет басшысы Үкімет пен облыс әкімдігіне үш жыл мерзім ішінде қалдық қоймасын қайта қалпына келтіруді және қалдық жиналатын толық инфрақұрылым қалыптастыруды, сондай-ақ қатты тұрмыс қалдықтарын нормативті талаптарға сай өңдеу жұмыстарын толық аяқтауды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі көлік-транзит әлеуетін дамытуды тағы бір маңызды міндет ретінде атады. Бұл ретте еліміздің теңіз порты арқылы өтетін транскаспий мультимодальді халықаралық жолының маңызы арта түседі. Осыған орай Мемлекет басшысы Үкіметке Ақтау және Құрық порттарының базасында контейнерлік хаб құруға және Қытайдан келетін экспорттық жүктердің бір бөлігін қайта бағыттауға тапсырма берді.

Президент сөзінің соңында көтерілген мәселелерді шешу үшін Үкімет пен облыс әкімдігіне екі аптаның ішінде Өңірді дамытудың кешенді жоспарын бекітуді тапсырды.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!

Пікір