Тоқаев КВИ-ға қарсы вакцина әзірлеу мәселесінің саясилануына жол бермеуге шақырды

21:48, 23 қыркүйек 2020

БҰҰ Бас ассамблеясының 75-ші сессиясының жалпысаяси дебаттарында сөз сөйлеген Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік қауымдастыққа денсаулық сақтаудың белсенді жүйесін құруды ұсынды, деп хабарлайды zakon.kz.

"Коронавирус індеті жаппай тарала бастағаннан кейін БҰҰ-ның түрлі қорлары мен бағдарламалары дағдарысқа қарсы тұру үшін дереу жұмылдырылды. Алайда, халықаралық қоғамдастық аталған бағытта бұдан да көп шара қабылдауы керек. Біріншіден, денсаулық сақтау ісінің қуатты жаһандық жүйесін құру мақсатында дамыған елдер мен БҰҰ агенттіктерінің уақытылы және үйлесімді қолдауы арқылы дамушы елдердің медициналық мекемелеріндегі ұлттық институттарды жаңғыртуға басымдық беру қажет", - деді Президент.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы COVID-19 індетіне қарсы вакцина әзірлеу мәселесін саясиландыруға жол бермеу керектігін баса атап өтті.

"COVID-19 індетіне қарсы вакцина әзірлеу мәселесін саясиландыруға жол бермеу керек. Аталған маңызды мәселеде инвестиция және сауда жөніндегі жан-жақты халықаралық келісімге қол жеткізу қажет. Бұл жаһандық деңгейдегі вакцина өндірісіне және оны жеткізу барысында логистикалық тасымалдың тиімділігіне септігін тигізеді", - деді ол.

Тоқаев өз сөзінде Аурулар мен биологиялық қауіпсіздікті бақылау жөніндегі өңірлік орталықтар желісін құруды ұсынып, ондай орталықтың бірінің Қазақстанда орналасқанына қарсы емес екенін айтты.

"Біз БҰҰ аясында Аурулар мен биологиялық қауіпсіздікті бақылау жөніндегі өңірлік орталықтар желісін құру идеясын мұқият зерттеуді ұсынамыз. Қазақстан мұндай орталықтың бірін өз аумағында орналастыруға дайын", - деді Мемлекет басшысы.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!