Төбелес шығарған титушкалар соттала ма – Тұрғымбаев не дейді

11:16, 23 шілде 2019

Алматыдағы баспасөз жиынындағы төбелестен зардап шеккендер арыз жазды, болған істің анық-қанығын тексереміз, деді Қазақстанның ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

– Кеше Алматыда болған жиында екі тарап өзара жанжал шығарып, одан кейін бұл оқиға елге тарап кетті. Қазір екі тараптың адамдары да жарақат алғаны, өздеріне қарсы бұзақылық әрекет жасалғаны туралы арыз жазып тастады. Полицияға да, дәрігерге де жүгінді. Дәл қазір екі арыз тіркелген, оларды тексереміз, – деді Тұрғымбаев.

22 шілдеде Қазақстандағы Адам құқығы жөніндегі халықаралық бюроның баспасөз орталығында төбелес болды. Журналистердің камералары шағылып, смартфондары мен диктофондары тартып алынды, Бюро қызметкерлері де смартфондарынан айырылып қалған.

Баспасөз жиынының тақырыбы билік үшін жайсыз болған: "Мемлекет аналар мен балалармен күресуде". Онда Жазира Демеуова, Гүлзипа Жәукерова және Оксана Шевчук деген кісілердің істері бойынша кейбір фактілер жарияланады деп жоспарланған еді.

– Баспасөз жиыны өтпей қалды. Басталуына 15 минут қалғанда адвокат Оксана Шевчуктің анасын күтіп алуға шыққан. Дәлізде 20-дай әйел жиналып алып, чаттан хабарлама келгенін, өздерінің көпбалалы аналар екенін айтты. Скандал (дау-дамай) болатынын ішім сезді, бұған дейін де талай у-шу болған еді. Сондықтан баспасөз орталығын жауып, баспасөз жиыны өтпейді дедім. Сол кезде әлгі әйелдер баламен тұрған Оксана Шевчуктің анасын қоршап алды. Оны шығарып ала алмадық. Әйелдер журналистерге тап беріп, қолдарынан аппаратураларын жұлып алды. 40 минуттай қырғын болды. Полиция жарты сағаттан кейін бірақ келді. Ол кезде шабуыл жасағандар кетіп қалған болатын. Ашулы әйелдердің біреуі ғана ұсталды, – деді Қазақстандағы Адам құқығы жөніндегі халықаралық бюроның журналисі Андрей Гришин.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!