ТМД елдері іздеу жариялаған қылмыскерлер Алматы облысында ұсталды

12:40, 15 наурыз 2019
362

Алматы облысының полицейлері қылмыскерлерді іздестіру жұмысын жандандырды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Тәртіп сақшылары екі күн ішінде қылмыс жасаған отызға жуық адамды қолға түсірді. Оның 8-і – Ресей, Әзербайжан, Өзбекстан және Башқұрт елдері халықаралық іздеу жариялаған кәнігі қылмыскерлер.

"Облысымызда "Іздестіру" жедел алдын алу іс-шарасы жалғасуда. Аталған шара барысында полицейлер қылмыстық жауапкершіліктен жалтарған 28 адамды ұстады. Із-түзсіз жоғалған сегіз адамның мекен-жайы анықталып, бұған дейін жасалған 19 қылмыс ашылды. Сондай-ақ, осы кезге дейін тұлғасы анықталмаған 3 мәйіттің жеке мәліметтері анықталды",- деп хабарлайды Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.

Ведомство таратқан ақпаратқа сәйкес, көрші мемлекеттерде қылмыстық әрекет жасады деген күдікпен іздеу жарияланған 8 тұлға қолға түсті.

"Қарасай ауданында Өзбекстан Республикасы мемлекетаралық іздеу жариялаған төрт азамат ұсталды. Талғар және Іле аудандарында Ресейлік әріптестеріміз іздеп жатқан екі тұлға құрықталды. Талғарда Башқұрт елі іздеу жариялаған бір адамның мекен-жайы анықталса, Текеліде Әзірбайжан мемлекетінде қылмыс жасап, бой тасалаған 33 жастағы ер адам ұсталып, қамауға алынды",- деп атап өтті ведомство өкілдері.

Құқық қорғау органдарының қызметкерлері іздеудегі азаматтардың ұсталғаны туралы ақпараттың ҚР Ішкі істер министрлігіне және іздеу жариялаған шетелдік әріптестеріне жолданғаны туралы мәлімдеп отыр.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!