Тартынудың қажеті жоқ. Елбасы Путин мен Зеленскийге Қазақстанда кездесуді ұсынды

13:50, 12 қараша 2019
313

"Астана" клубының V отырысында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Украина мен Ресей арасындағы күрделі қатынастар туралы айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

- Әрине, Ресей мен Украина арасында болған жағдай өкініш туғызады. Бұл кезінде етене жақын елдер еді, бірақ болары болды, бояуы сіңді дегендей. Сыртқы және ішкі күштер оған түрткі болды. Украинаны жақсы білемін, ал Ресейді, тіптен. Бірінші күннен бастап оларды достастырғым келді. Осындай әрекетімнің алғашқы нәтижесі - Минскідегі кездесу. Ең алдымен Еуропа елдерін шарлап келдім, одан соң Киевке, содан кейін Мәскеуге соқтым. Соның арқасында біз Минскіде бас қосып, сол кездегі мәселелерді шеше алдық. Бәрі қалыпты жағдайда өтті. Мәскеудің қойған шарты мен талабы Украинаның шығысындағы адамдарды қорғайтын арнайы заң қабылдау болды. Мұндай заң қабылданды, бірақ ол өз нәтижесін бермеді. Ол заң осы жылдың 31 желтоқсанында күшін жояды, - деді Елбасы.

Ол президенттердің жеке кездесуі қажет екенін айтты.

- Өткенде Зеленский мырзамен кездестім, оны тыңдадым. Ал кеше ғана Путинмен сөйлестім. Ресей мен Украина президенттері жекелей кездесуі қажет деп санаймын. Тек солай ғана бір келісімге келуге болады. Себебі бұл арада басқа мемлекеттердің емес, екі мемлекеттің арасындағы мәселе ғой шешілуі тиіс. Олар басқа себеппен байланысады. Мен олармен бетпе-бет кездесу мүмкіндігі туралы сөйлескен едім. Меніңше, қазір оңтайлы сәт. Зеленский өз халқы тарапынан жақсы қолдау тапты, ол ерік-жігерін танытып, осы мәселе шешіміне бел шешіп кірісе алады. Қазір процесс жүріп жатыр. Мәселе шешімдері де бар. Енді Ресей мен Украина президенттері өздерін осындай кезде көрсетуі керек. Жеке өз басым, осы бағытта жұмыс жасап жатырмын.

Барлықтарыңызға Ресей мен Украина қарым-қатынасын қоздырмай, оларды жақындастырып, мәселені шешу үшін ат салысуды ұсынамын. Бірінші кездесуде Донбасс пен Луганск мәселелерін шешу керек. Бұл процесс қазірдің өзінде жүріп жатыр, татуласуға жағдай жасау үшін тұтқынға алынған адамдар босатылуда, - деді Назарбаев.

Елбасы Путиннің бейбітшілікті қалайтынын айтты.

- Тартынудың қажеті жоқ, Путин бұны қаламайды деп ойлаудың да қажеті жоқ. Ол бейбітшілік орнағанын қалайды. Мен Зеленскийдің жеке кездесу үшін келісімін алдым. Бұл туралы Ресей президентіне айттым. Енді байқап көрейік. Егер бейтарап алаң қажет болса, Қазақстанда кездессін, оған біз дайынбыз, - деді ол.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!