Таразда жас ғалымдардың халықаралық конференциясы өтеді

10:03, 9 наурыз 2017
619


30 наурыз күні Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында «Жас ғалым – 2017» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтеді. Бұл туралы оқу орнының Ақпараттық-имидждік қызметінің жетекшісі Жандар Асан хабарлады, - деп жазады zakon.kz.

Оның айтуынша, алтыншы рет ұйымдастырылғалы отырған алқалы жиынға Қазақстанның барлық аймағындағы жоғары оқу орындарының студенттері, магистранттары мен докторанттары қатысады. Сондай-ақ, шараға отандық және шетелдік арнайы білім беру мекемелерінің қызметкерлері де шақырылған.

Педагогикалық оқу орны конференцияны еліміздегі жас ғалымдардың шығармашылық қабілетін шыңдау үшін екі жылда бір рет ұйымдастырады. Биылғы кеңес ТарМПИ-дың 50 жылдығына арналып отыр. Конференцияның басты мақсаты – жас ғалымдардың жасампаздық әлеуетін дамыту, оларды заманауи ғылымның маңызды мәселелерін шешуге белсенді түрде тарту, ғылыми білім беру кеңістігін дамыту. Сондай-ақ, жиынның тағы бір көздегені – ізденушілердің өзара байланыс орнатуларына, тәжірибе алмасуларына ықпал жасау. Айта кету керек, бұл орайда Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында бірқатар кешенді шаралар жоспарланып, іске асырылуда.

«Жастардың шығармашылық, ғылыми-зерттеу жұмыстарын насихаттау мен оны кең көлемде жариялауда, олардың тұлғалық дамудың тәсілі ретіндегі жобалық зерттеу іс-әрекеттеріне тартуда және білім беру үрдісінің тиімділігін көтеру мен қолданбалы ғылымға деген қызығушылықтарын дамытуда осы тақілеттес жиындардың маңызы зор,» – дейді Ж. Асан.

Биылғы конференция гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдары секциялары бойынша өткізіледі. Жиын барысында қазақстандық жас ізденушілердің ғылыми жетістіктерінің көрмесін өткізу, отандық және шетелдік ғалымдардың жастарға арналған шеберлік сыныптарын жүргізу жоспарланған.

«Конференцияға келіп түскен материалдар негізінде арнайы жинақ шығару көзделіп отыр. Бұл өз кезегінде еліміздегі ізденуші жастарға, ғылыми жұмыстармен айналысатын ғалымдарға және инновациялық даму стратегиясын жоспарлап, жүзеге асырушылар үшін маңызды теориялық және әдістемелік көмекші құрал болмақ», – деп атап өтті ол.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!