Таразда жайнамазды тепкен бапкерді шәкірттерінің әдейі арандатқаны белгілі болды

10:15, 16 тамыз 2018

Тараздағы жайнамазды тепкен бапкер төңірегіндегі дау басылатын емес. Бүгін осы атышулы видеоның басты кейіпкерлері: екі оқушының ата-анасы болған жайды балалары әдейі ұйымдастырғанын айтып, мұсылман қауымы мен жаттықтырушыдан кешірім сұраған. Сөйтіп өздері перзенттерін өз еріктерімен интернаттан шығарып әкетіпті, деп хабарлайды Zakon.kz КТК арнасына сілтеме жасап.

Мына кадрдағы қос жасөспірімнің бірі Шудан, екіншісі Қаратау қаласынан. Ал ата-анасы ұлдарының намазға жығылғанынан бейхабар. Сондықтан желіге тараған видеоны көріп өздері де аң-таң. Сондай-ақ олар балаларының қулығы үшін қатты қынжылатынын жеткізіп, мұсылман қауымы мен жаттықтырушыдан кешірім сұраған.

- Балаларының теріс ағымда оқып жатқандығын айтты. Және дер кезінде жаттықтырушы көріп тоқтатқаны және видео түсіріліп жатқан кезде намаз уақытының болмағандығын үштің кезі екенін мойындап отыр, - деді Жамбыл облыстық мамандандырылған спорттағы дарынды балалар мектеп интернаты директорының орынбасары Ердос Әкімов.

Ердос Әкімовтың айтуынша, бір жылдан бері негізгі құрамға іліге алмай жүрген қос шәкіртке соңғы сыннан сүрінсе интернаттан шығу қауіпі төнген. Бұған бапкерді айыптаған жасөспірімдер оны аяқтан шалуды мұқият ұйымдастырған. Екеуі қызу қанды жаттықтырушының теориялық сабағына қатыспай, оның бөлмеге келуін күтіпті.

-Жиналыңдар! Мен кімге сөйлеп тұрмын? Кімге сөйлеп тұрмын мен кеттік, жина мынаны. Жүр, таста.

Алмат Баетов жасөспірімдердің адасып жүргендерін әу баста байқап, өзгелердің санасын уламауды ескерткен екен. Бірақ оған шәкірттері пысқырып қарамаған. Айта кетейік, жайнамазды теуіп, сәждеге жығылған балаларды бөлмеден желкелеп шығырған бапкердің әрекеті жұрттың ашуын туғызған. Осы шудан кейін жаттықтырушы жұмыстан қуылып, өзі ел алдына шығып кешірім сұраған еді.

-Теріс қылығымнан, діни сауатымның аздығын көрсетіп қойдым. Ашу-ызаға беріліп, теріс әрекетіме бой алдырып қойдым. Сол себепті мұсыламан қауымынан кешірім сұраймын. Ата-анадан, жамағаттан. Шын жүрегімнен кешірім сұраймын, кешіріңіздер мені. Өте өкінішті, өкініш өзекті өртеп барады, - дейді бұрынғы бапкер Алмат Баетов.

Футболшыларды баптаған Алмат Баетовпен қоса, облыстық мамандандырылған спорттағы дарынды балалар мектеп интернаты директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары да қызметінен кетті. Ал, қасиетті төсенішті таптау төңірегіндегі дау мұнымен бітпейтін тәрізді. Себебі болған жайтқа қатысты арнайы топ құрылып, тексеру жүріп жатыр.


Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!