Таразда әлеуметтік дүңгіршектердің саны артпақ

19:34, 12 қараша 2019

Тараз қаласындағы әлеуметтік дүңгіршектердің санын арттыру - бағаны тұрақтандыруға өз септігін тигізері сөзсіз. Бүгін облыс әкімдігінде өткен жиналыста аймақ басшысы Асқар Мырзахметов осыған аса назар аударып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.

Аталған жиында өңірдегі азық-түлік бағаларын тұрақтандыру мәселелері қаралды. Облыстық ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Берік Нығмашев облыс әкімдігінің қаулысымен қабылданған жаңа қағида аясында атқарылатын шаралар туралы баяндады. Ол бұл бойынша комиссия құрылып, жыл басында тауар тізімін, шекті бағаны, үстеме ақыны, ең төменгі қор көлемін бекітіп отыратынын жеткізді. Сондай-ақ, бағаны тұрақтандыру бойынша тұрақтандыру қорын қалыптастыру мен пайдалану, ауыл шаруашылық жәрмеңкелерін өткізу, көтерме-тарату орталықтарын ашу, азық-түлік бағаларының жаңа тетіктерін енгізу шаралары ұдайы назарда екенін айтты.

Бүгінде аталған қор есебінде 294,5 миллион теңге ақшалай және құны 750,6 миллион теңге болатын 5 мың тоннаға жуық тауардың бар екенін жеткізген басқарма басшысы қазірге дейін облыс орталығы - Тараз қаласында кеңейтілген 25 жәрмеңке өтіп, онда 857,8 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері нарық бағасынан 8-20 пайызға төмен бағада сатылғанын тілге тиек етті.

Ол ғана емес, шаһардағы "Ауыл-Береке" базарының қасынан "Тараз "Көтерме тарату орталығын" және "Үш-Бұлақ" теміржол бекетінің маңынан "Жамбыл "Көтерме тарату орталығын" салу жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде.

Сонымен қатар "Азық-түлік бағаларын тұрақтандыру тетіктерін жүзеге асыру" қағидасы аясында екі бағыт қарастырылған десек, олар - тұрақтандыру қорының қызметі және кәсіпкерлік субъектілеріне несие беру. Бірінші тетік бойынша тұрақтандыру қорына қажетті 11 әлеуметтік маңызы бар тауардың тізімі айқындалып үлгеріліпті. Қазіргі таңда әлеуметтік кәсіпкерлік коорпорациясы тарапынан қалыптастыру шаралары жүргізіліп, максималды бағалардың мөлшері және минималды қордың көлемі айқындалуда.

Жиында қала ішіндегі әлеуметтік дүңгіршектердің жайы да жан-жақты сөз болды. Бүгінде шаһарда мұндай 10 дүңгіршек болса, тағы он жетісін ашу көзделіп отыр. Аймақ басшысы бұл бағытта қажеттіліктер мен нысандардың өзіндік құның анықтауды тапсырып, дүңгіршектерді барынша көптеп ашу мәселесін уақыт созбай шешудің маңыздылығына көңіл бөлді. Сондай-ақ, Асқар Исабекұлы бағаны бақылау, тұрақтандыру бойынша жүйелі жұмыстың жоқтығын баса айтып, ол бойынша күнделікті атқарылуы тиіс шаралардың кестесі бекітілуі керектігін ескертті. Жаңа қағида бойынша да жұмыстардың жоспар-ережесін әзірлеуді тапсырып, ол үшін тиісті тұлғаларға он бес күндік уақыт берді.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!