Таразда балаларды дамыту орталықтары ашылды

13:51, 20 ақпан 2017

 
Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында «Өзін-өзі тану» мен «Балалардың тілін дамытуда коррекциялық қолдау көрсету» орталықтары ашылды. Оның ашылу рәсіміне ҚР Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева қатысты, деп хабарлайды zakon.kz, оқу орнының ресми өкілі Жандар Асан берген ақпаратқа сілтеме жасап.
 
Орталықта сөйлеу қабілетінің кемістігі бар жеткіншектер оқып, тәрбиеленбек. Бұнда дефектолог мамандар сәбилерге жан-жақты педагогикалық, физиологиялық және психологиялық зерттеулер жасап, кемістікті түзеу бағытында жұмыс атқарады. Сонымен қатар, педагогикалық оқу орнының 3-4 курс студенттері ұстаз-логопед ретінде тәжірибе жүргізе алады.
 
 
«Еліміздің мектептерінде осы тақілеттес орталықтар біртіндеп ашылуда. Десе де Тараз мемлекеттік педагогикалық институты жоғары оқу орындары арасында алғаш бастама көтеріп, оны нақты жүзеге асырып отыр.
 
Институттың Арнайы педагогика кафедрасы білім беру бағдарламасы аясында «Дефектология» мамандығы бойынша болашақ логопедтерді даярлау үстінде. Бұның жаңа мамандық ретінде енгізілгеніне көп бола қойған жоқ. Осыдан-ақ, оның қазіргі өркениетті заманда өте тапшы екенін аңғаруға болады. Сондықтан, болашақ мамандардың білім мен тәжірибені қатар алуына мүмкіндік жасағаны үшін педагогикалық институттың ұжымына алғыс білдіреміз,» – деп атап өтті Эльмира Суханбердиева.
 
Ол алдағы уақытта аталған салаға кадр даярлау үшін мемлекеттік білім беру гранттарының көбірек бөлінетіндігін мәлімдеді.
 
Ресми мәліметтерге сүйенер болсақ, бүгінде Тараз қаласында 2 арнайы логопедиялық балабақша жұмыс істейді. Ал, өзге мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде арнайы логопунктер деңгейінде қызмет көрсетеді. Осыған орай, өңірде логопедтерге сұраныс барлығы байқалады.
 
 
«Қазіргі таңда балалар арасында тіл кемістігі патологиясы жиі ұшырасады. Оқу орны осы олқылықтың орнын толтыруды көздеп отыр. Жұмысын жаңадан бастағалы отырған орталыққа қазірдің өзінде тіркелген бүлдіршіндер баршылық. Орталық 4-8 жас аралығындағы 50 шақты тәрбиеленушіні қабылдауға қауқарлы. Білікті мамандар арнайы педагогикалық авторлық бағдарламалар арқылы заманауи әдіс-тәсілдермен жұмыс істейтін болады. Еліміз өркениетті қоғам құруы үшін дені сау, тәрбиелі азаматтардың қатары көп болғаны абзал. Аталған орталық осы мақсатта жұмыс атқармақ,» – деді институт ректоры Дария Қожамжарова.
 
Сонымен қатар, институтта «Өзін-өзі тану» орталығы пайдалануға берілді. Орталықта шет тілдерін үйренуге болады. Шығармашылықты дамыту үйірмелері де бар. Атап айтқанда, жастар театрландырылған қойылымдарға қатысып, мүсін жасау, кестелеу өнеріне машықтанады. Дәрістерді педагогикалық оқу орнының ұстаздары жүргізеді.

Дереккөз: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!