Таразда Ғ.Байтасовты еске алуға арналған спартакиада мәреге жетті

15:05, 3 сәуір 2017

Таразда «Халық қаһарманы», полиция капитаны Ғазиз Байтасовты еске алуға арналған спартакиада мәреге жетті. Тараз мемлекеттік педагогикалық институты ұйымдастырған шараға аймақтағы ұстаздар қатысты, деп хабарлайды zakon.kz, ТарМПИ-дың ақпараттық-имидждік қызметі берген ақпаратқа сілтеме жасап.

Жыл сайын дәстүрге айналған сайыстың мақсаты – ұстаздардың денсаулығын нығайту, спорттық шеберлігін шыңдау және салауатты өмір салтын қалыптастыру.

Спорттың шағын футбол, үстел теннисі, президенттік көпсайыс, баскетбол, дойбы, волейбол, шахмат, тоғызқұмалақ секілді он түрінен өткен жарысқа 9 команда қатысып, баптары мен бақтарын сынады.

Шарада институттың Тәрбие ісі және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Орынқыз Жолдасова сөз сөйлеп, шараның мән-маңызына тоқталып өтті.

– Барша азаматтардың денсаулығын нығайту – жарқын болашаққа апаратын алтын сүрлеу десе де болады. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында дене шынықтыру мен спортты дамытуға айрықша көңіл бөлу қажеттігіне басымдық берген болатын. Қазіргі таңда осы бағытта ауқымды мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, жүзеге асырылуда. Жалпы білім беретін орта мектепте жан-жақты, дамыған, денсаулығы мықты, салауатты өмір салтын мұрат тұтқан жеке тұлғаларды тәрбиелеу басты талап етіліп отыр. Бүгінгі жас ұрпақтың білімді де білікті, сапалы азамат болып жетілуі тәлім-тәрбие беретін ұстазға, ата-анаға, өскен ортасына тікелей байланысты. Сондықтан да болашақ педагог мамандарды даярлайтын ұжымның алдында тұрған басты мәселенің бірі – салауатты өмір салтын насихаттау, – деді О. Жолдасова.

Институт басшылығы спорт бәсекесінде «жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» шыққан командалар мен жекелей қатысушыларға Алғыс хаттар және бағалы сыйлықтар табыстады.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!