Тамара Асар бір аптада аяққа тұрып кеткен кезін еске алды

12:05, 9 қаңтар 2019

Тамара Асар Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында денсаулығын қалыпқа келтіріп, емделу үстінде. Бұл орайда әнші аталған мекенге алғаш келген кезі туралы әңгімелеп, бір аптада аяққа тұрып кеткен кезін еске алды, деп жазады Stan.kz.

“Мені Анам Жаңақорғанға алғаш алып келгенде кішкентай балғын қыз едім. Денсаулығымның жағдайы мәз емес болатын. Өзім арбада отыратынмын, апаттан кейінгі қиындау жағдай былай тұрсын, “ревмотоидный артрит” деген ауру бойыма меңдеп кеткен. Қолым қасық көтере алмайтын, аяғым жер баспақ түгілі, қозғауға келмейтін. Қиялдайтын санам, сайрайтын тілім, ыңылдайтын көмекейдегі дауысым, жәудіреген көзім ғана үміттің отын сөндірмеді. Түнде ыңырсу, күндіз кіржию. Ауру жаныма қатты бататын”, – деген әнші өзінің жазылып кететіне сенген анасына алғысын жаудырды.

Тамараның сөзіне сенсек, сенім білдіріп, амал жасаған анасы бір аптада қызының аяққа тұрып кетуіне себепші болған.

“Біреуге өтірік, біреуге шын, арбадан бір аптада түсіп, балдақ ұстадым, келесі аптасында балдақты лақтырып, аяғымды басып жүре бастадым. Содан бері, Жаңақорғанның қасиетті қара балшығы мен суына жыл сайын келемін. (Емнен кейінгі күтіну бөлек әңгіме) Әкемнің төріне келгендей марқайып жылда келем, аяғымды жерге тигізбей күтіп алатын, қоржынымды қыздың дорбасындай толтырып жіберетін, менің екінші “төркінім” Жаңақорғанда”, – деген өнер иесі шипажай ұжымына да ризашылығын білдіре кетті.

“Қасиетті қара балшық талайды қатарға әлі қосады, мен оған сенемін! Себебі мені тұзды суы араласқан қара балшықтан қайта жасап мүсіндеп шығарды Жаратқаным, әке-шешем, Жаңақорғаным!” – деп түйіндеді сөзін Асар.


Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!