Талғар аудандық ауруханасындағы түнгі төбелес. Хирургке өшіккен кім?

09:31, 2 наурыз 2021

© Сурет: иллюстрация үшін алынды

Алматы облысы Талғар аудандық ауруханасының қабылдау бөлімінде жедел жәрдеммен бірге жеткен сырқат әйелдің ұлы анасына ота жасауы тиіс хирургті жұдырықпен беттен ұрып, есінен таңдырған. Одан соң дереу ізін суытқан, деп хабарлайды zakon.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Бірақ алысқа ұзай алған жоқ. Ал соққы алған дәрігер аурухана төсегіне таңылды.

Талғар ауруханасындағы түнгі төбелес таңғы сағат төртте болған. Соқыр ішегі іріңдеп, тесілуге шақ тұрған науқасты жедел жәрдем көлігі дереу аудандық ауруханаға жеткізіпті. 58 жастағы әйелге кезекші дәрігер ота жасауға дайындалып тұрған екен. Алайда емді екі сағатқа кейін шегеруге тура келді. Себебі, науқаспен бірге еріп келген ұлы хирургті ұрып құлатқан.

Элбек Мирташов, травматолог дәрігер:

- Келсек, кетіп қалған екен. Бәрі біткен екен. Бірақ дәрігерімізді қарадық. Миы шайқалған. Сол жағынан ұрған. Көгерген жері көрініп тұр. Беті іскен. Басына зақым келіп, миы шайқалғаннан кейін оны жеңіл деп айта алмаймыз. Жеңіл соққыдан адам есінен айырылып қалмайды.

Отаны жасауға басқа дәрігер шақыртуға тура келген. Соққыдан есінен таңған хирург сол күйі аяғынан тұра алмаған. Ал соқталдай жігіт дәрігерді ұрып құлатқан соң, ізін суытқан. Дәрігерлер науқастың ұлы кіргеннен-ақ балағаттап, айқай шығарғанын айтады. Ал хирург тек сабырға шақырмақ болыпты. Жалпы, бұл дәрігерлердің бірінші рет таяқ жеуі емес екен.

Хасен Дасибеков, Талғар ауданы орталық ауруханасының бас дәрігері:

- Ауруханаларға ешкім, туыстары пандемия кезінде кіргізілмейді. Кейде туысқандары кіріп кетеді, өз еркімен. Итеріп, ұрсысып кіреді. Бұл жерде де баласы анасының жанына кіріп кеткен ғой. Кіреберісте күзет болған.

Дәрігерді ұрып құлатқан 35 жастағы Талғар тұрғыны. Сол сәтте із суытқанымен, алысқа ұзай алмады.

Ақбота Қуанышбекқызы, Алматы облысы ПД ресми өкілі:

- Аталған факті қазір Талғар ауданының полиция бөлімімен тергеліп, тексеріліп жатыр. Дәрігердің алған дене жарақаттарының деңгейін анықтау мақсатында сот-медициналық сараптама тағайындалды.

Жазасы соққыға байланысты. Ал басынан жарақат алған хирургтің енді ұзақ уақыт емделуіне тура келеді. 31 жастағы маман жақында ғана басқа ауруханадан ауысып келген екен.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!