Талдықорғанда масаң күйде жолаушы тасымалдайтын жүргізуші ұсталды

16:13, 24 қыркүйек 2020
268

"Қауіпсіз жол" жедел алдын алу іс-шарасы барысында Талдықорған қаласының тәртіп сақшылары масаң күйде көлік тізгіндеп келе жатқан 34 жастағы Ақсу ауданының тұрғынын ұстады. Тәртіп сақшылары оның ішімдікке тойып алып, жолаушы тасымалдап жүргенін анықтады, деп хабарлайды zakon.kz Алматы облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тексеру барысында 1986 жылы туған азамат бұған дейін де ішімдік ішіп, көлік басқарғаны үшін сот шешімімен 3 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылғаны белгілі болды. Ол мерзімі биыл желтоқсан айында аяқталуы тиіс болған.

"Құқық бұзушының көлік тізгініне отыруға құқығы да, міндетті сақтандыру полисі жоқ екеніне қарамастан, қала көшелерінде көлік жүргізген. Сондай-ақ, медициналық куәландыру кезінде оның орта дәрежеде мас екені анықталды. Осы дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 346 бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Іс материалдары жақын арада сот органдарының қарауына жолданады. Ұсталған азамат түнде медициналық айықтырғышқа орналастырылды", - деп хабарлады Талдықорған ҚПБ бастығы полиция полковнигі Асқар Нұрсапа.

Естеріңізге сала кетейік, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы қылмыстық жауапкершілікке тартылады.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!