Сыпатаев ауылына қараша айынан бастап таза ауыз су беріледі

21:44, 19 қазан 2017

Оңтүстік Қазақстан облысындағы Қарсыбай Сыпатаев ауылына қараша айынан бастап таза ауыз су беріледі.

Өткен жылы тіршілік нәріне зәру елді мекеннің жанайқайын «Хабар» арнасы арқылы жергілікті билікке жеткізген болатын. Биыл облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, ауылға су жүйесі орнатылыпты. Әрбір тұрғын үйге құбыр да тартылған.     

Ордабасы ауданына қарасты Сыпатаев ауылында 241 үй бар. Елді мекенде 1300-ден астам адам тұрып жатыр. Солардың бірі – Зия Аманжол ақсақал. Қария осы уақытқа дейін ауыз суды тек құдықтан алып келеді. Себебі жерасты суы жақын. Есік алдына піспе құдықтың екеуін орнатқан. Біреуімен ауладағы тал дарақпен малын суғарады. «Құдық суынан құтылар күн де алыс емес», – дейді ол.

Зия Аманжол, Қ.Сыпатаев ауылының тұрғыны: 

– 1 жыл бұрын «Хабар» телеарнасынан біздің елімізге келіп, ауыз су жөнінен біраз хабардар болған еді. Сол азаматтардың көмегімен 2017 жылдың мамыр айынан бастап ауыз су жүргізу басталды. Ауызсу 245 үйге кіргізіліп қойды. Енді су айдағыштың қасында аздаған жұмыстар қалды.

«Сыпатаев ауылына таза ауыз су қыс түспей келеді», – дейді ауыл әкімі. Қазір көшелердің барлығының бойымен диаметрі үлкен құбыр тартылған. Су мұнарасы орнатылып, екінші ұңғыма қазылуда. Бұл жұмыстардың барлығын мердігер мекеме облыстық қазынадан бөлінген 97 миллион 226 мың теңгеге жасауда.

Мұхтархан Өтемісов, Төрткүл ауылдық округінің әкімі:

– Башняны қаптау керек. Өйткені мұнда Арыстанды Қарабас желі үздіксіз тұрады. Сондықтан да қыс мезгілінде су қатып қалу қаупі тумас үшін қаптау керек. Құрылысы қазан айында бітеді. Қарашада су беріледі деп отырмыз.

Ордабасы ауданында әлі де таза ауыз суға тәуелді елді мекендер бар. Жергілікті билік келер жылы үш ауылға су бермек. Демек, Жусансай, Боралдай, Арыстанды елді мекенінің халқына жер асты суын пайдалануға тура келеді.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!