Су тасқынынан зардап шеккендерге қол ұшын созғандар қатары көбейді

19:00, 21 сәуір 2017

Солтүстік өңірлердегі еріген қар суының бөгеттерді бұзып, елді мекендерді басып қалған тасқыны қайтты.

Барлық жерде ауылдарға келген су кейін шегініп, сай-саламен ағып, өзендерге құйып жатыр. Бірақ тасқын су биыл елді ерекше әбігерге салды. Бір ғана Ақмола облысында 30 елді мекен су астында қалып, ондағы 900 үй зардап шекті. Сол тұрғындардың жағдайы қазақстандықтарды бей-жай қалдырған жоқ. Олар ел болып көмек көрсетуге ұмтылып жатыр. Тіпті су аралап өткен ауылдар қызыл су басып қалған көршілеріне барын беріп, көмектесіп жатыр. Ең қатты зардап шеккен атбасарлықтарға алғашқы болып, көкшетаулықтар қайырымдылық көмек жіберді. Онда күнделікті тұрмысқа керекті заттың бәрі бар.

Астанада «Тасқынға көмек» шарасына қоғам қайраткерлері белсене қатысты. Ертіс өңірінің қайырымды жандары Ақтөбе облысының жұртшылығына көмек үшін қабылдау орталығын ашыпты. Көп азамат жасаған жақсылығын жария еткісі жоқ. Аты-жөнін айтпастан, арнайы ашылған есеп-шотқа қомақты сома тапсырып кетіп жатыр. Қайырымды іске имамдардың ұйытқы болуымен дінге бет бұрған жандар белсене қатысуда. Сыр бойының жастары әлеуметтік желі арқылы жерлестерін қайырымдылық жасауға үгіттеп жатыр.

Талғат Тілес, «Жас Отан» жастар қанаты Қызылорда қалалық филиалының  жетекшісі:

-Бір ауданның өзінен бір КАМАЗ көлігімен азық-түлік, киім-кешек, басқа да материалдық көмек жиналды. Базар орталығында да қажетті материалдарды қабылдап жатырмыз. Осылардың барлығы бір арнаға тоғыстырылып, жеті ауданнан және қала орталығынан жиналған заттардың барлығы сол елді мекендерге жөнелтілетін болады.

Замира Солтан, бастамашыл топ мүшесі:

-Апат айтып келмейді. Соған байланысты біз әлеуметтік желілерде хабарламалар жібердік, көшелер, медресе-мешіттерге хабарландыру ілдік. Шаруашылық иелерін хабардар еттік. Жалпы күніне жүздеген адам хабарласып, бізбен бірге уайымдап, не әкелу керектігін сұрап, біліп жатты. Бей-жай қарап қалған адам жоқ.

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!