Стандарттан тыс, батыл шешімдер қажет – Дариға Назарбаева

15:57, 19 наурыз 2020

Дариға Назарбаеваның төрағалық етуімен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының отырысы болды, онда бірқатар халықаралық келісімдер ратификацияланды, деп хабарлайды zakon.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сенаторлар "Қазақстан Республикасы мен Бразилия Федеративтік Республикасы арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы" заң жобасын қарады.

Депутат Владимир Волков құжатты таныстыра келіп, шарттың ратификацияланғаны Қазақстанда қылмысқа қарсы күресте екі елдің тиімді ынтымақтастығын арттыруға бағытталған халықаралық құқықтық тәртіпті қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.

Отырыстың күн тәртібі аясында "Қазақстан Республикасы мен Бразилия Федеративтік Республикасы арасындағы адамдарды ұстап беру туралы беру туралы шартты ратификациялау туралы" заң жобасы да талқыланды. Бұл шарт шет мемлекеттің аумағында соттан жасырынып жүрген адамдарды экстрадициялау үшін құқық қорғау органдарына қосымша мүмкіндіктер береді.

Депутаттар сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Бразилия Федеративтік Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты да ратификациялады. Бұл құжат бас бостандығынан айыру жазасын өз елінде өтеу мүмкіндігін береді және әлеуметтік оңалту мен қоғамға кірігуін жеделдетеді.

Сенаторлар 2014 жылғы 15 тамыздағы Көлік құралы паспортының (көлік құралының шассиі паспортының) және өздігінен жүретін машина және техниканың басқа да түрлері паспортының бірыңғай нысандарын енгізу және электрондық паспорттар жүйелерін ұйымдастыру туралы келісімге Армения Республикасының қосылуы туралы хаттаманы қарады және ратификациялады.

Сенатор Михаил Бортник заң жобасын таныстыра келіп, қағаз түріндегі паспорттарды электрондық нұсқаға көшіру ЕАЭО аумағында белгіленген қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін техниканы айналымға шығаруға жол бермейтінін атап өтті.

Палата депутаттары 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қырғыз Республикасының қосылуына байланысты Қырғыз Республикасының 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты, Еуразиялық экономикалық одақтың құқығына кіретін жекелеген халықаралық шарттарды және Еуразиялық экономикалық одақ органдарының актілерін қолдануы жөніндегі жағдайлар мен өтпелі ережелер туралы 2015 жылғы 8 мамырда қол қойылған хаттамаға өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы мәселені де қарады.

Депутат Әлімжан Құртаевтың айтуынша, қаралып отырған заң жобасында Қырғыз Республикасының мемлекеттік шекарасындағы өткізу пункттерін жайластыру және материалдық-техникалық жабдықтау мерзімін тағы 2 жылға ұзарту ұсынылып отыр.

Сенат Төрағасы Дариға Назарбаева отырысты қорытындылай келіп, депутаттарды төтенше жағдай кезеңіндегі Сенат жұмысының регламенті туралы хабардар етті.

Атап айтқанда, төтенше жағдай болған кезеңде барлық іссапарлар мен жоспарлы көпшілік іс-шаралары тоқтатылады. Заңдар бойынша жұмыстар жалғаса береді. Бұл ретте депутаттарға палата мен комитеттердің отырыстарына шақырылғандардың санын мүмкіндігінше шектеу ұсынылып отыр.

Аппараттың 70-тен астам қызметкері үйден істейтін жұмыс тәртібіне көшірілді, қалған қызметкерлер үшін қысқартылған жұмыс күні белгіленді. Сенат ғимаратында күніне бірнеше мәрте қажетті санитарлық-эпидемиологиялық жұмыстар жүргізілуде.

"Мемлекеттің міндеті - азаматтарымыздың өмірі мен денсаулығын сақтау, экономика мен тұтыну нарығының жұмыс істеуін қамтамасыз ету. Жұқпалы дертпен нәтижелі күресу үшін ерік-жігер мен шешімді болу керек. Дегенмен сақтық та керек. Бізге ертеңгі күнге сеніммен қарап, бойымыздағы үрей мен күдіктен арылу қажет. Біз – талай сында шыныққан мықты халықпыз. Біз бәрін жеңеміз", - деді Д.Назарбаева өз сөзінде.

Сенат басшысы азаматтардың жұмыспен қамтылуы мен табыстары мәселесіне бөлек тоқталды.

"Төтенше жағдай мен карантин, өкінішке орай, іскерлік белсенділікті баяулатуға алып келеді. Көптеген адамдар уақытша жұмыссыз ғана емес, сондай-ақ өмір сүруге арналған қаражатсыз да қалуы мүмкін. Алматы қаласында тұрақты немесе уақытша жұмыс істейтін Алматы облысының тұрғындары жөніндегі мәселелер бар екені бізге белгілі. Бұл 500 мың шамасындағы адам, оларға отбасы мүшелерін қосыңыз, біз проблеманың ауқымын тиісті мөлшерде көре аламыз. Мемлекеттік органдар, депутаттар бұл жағдайға баса назар аударуы тиіс деп есептеймін. Қалыптан тыс, батыл шешімдер қажет", - деді Д.Назарбаева.

Сенат Төрағасының айтуынша, "жұқпалы дертпен нәтижелі күресу үшін ерік-жігер мен шешімді болу керек. Дегенмен сақтық та керек".

Сенаторлар отырыс соңында депутаттар мен Сенат аппаратының бір күндік еңбекақысын вируспен күрес қорына аудару туралы шешім қабылдады.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!