Солтүстік Қазақстанда полиция қызметкері үш адамды өрттен құтқарды

15:56, 22 мамыр 2018

Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы Пресновка ауылында тұратын полиция сержанты Бауыржан Сұрыпкелов өртеніп жатқан үйден анасы мен екі баласын алып шықты, деп хабарлайды Baq.kz.

Кеше кешке ауылдағы үйлердің бірі өртке оранған. Моншадан шыққан ыстық жалын кейін үйді де шарпыған. Үй ішінде 10 жастағы қызы мен 4 жасар ұлы бар әйел отағасын күтіп отырған. Іштегілер соңғы уақытқа дейін жағдайларының мүшкіл екенін сезбеген.

«Жамбыл аудандық ІІБ кезекшісінің 24 жастағы көмекшісі, полиция сержанты Бауыржан Сұрыпкелов көрші үйде түтіннің шығып жатқанын байқап қалған. Бұдан кейін құқық қорғаушы жедел түрде өрт сөндірушілерге хабар беріп, Владимир Храмов атты көршісімен бірге отбасын үйден алып шыққан. Осы кезде ауылдастар өртенген үйдің маңына жиналып, су тасып, тілсіз жаудың үйді шарпып кетуінің алдын алған. Оқиға орнына келген өрт сөндірушілер жалынды біржолата сөндірді», – делінген хабарламада.

Қауіптен аман қалған отбасы мен ауылдастары Бауыржанға алғысын айтып жатыр.

«Менен гөрі көршіміз Владимир Александровичті батыр деу керек. Бірге жүріп, дер кезінде қауіптің бетін қайтаруға күш салды. Ал мен иықтағы шенім ең алдымен адамдарға көмек беру үшін тағылғанын ұмытпаймын», – дейді Бауыржан Сұрыпкелов.

Бауыржан Сұрыпкеловтың тәртіп сақшылығында жүргеніне 3 жыл ғана болған.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!