СҚО-да көлік рөліне 6 жасар бала отырып, екі балалы келіншекті басып кетті

11:47, 22 қаңтар 2021

Жас келіншекті көлігімен қағып, мүгедек қылған адам жауапкершілікке тартылмады. 26 жастағы әйел осындай шағымын айтып, кінәліні жазаға тартуды сұрауда. Оқиға осыдан жарты жыл бұрын болған. Отбасымен бірге Есіл жағасына демалуға барған Петропавл тұрғыны ақыры аурухананың жансақтау бөлімінен бір-ақ шыққан. Айтуынша, сол күні 6 жастағы бала өзен жағасында тоқтап тұрған көліктің рөліне отырып, жүріп кеткен, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Дарина Тюгумбаева, зардап шегуші:

Бір сәтте машинаның қозғалып келе жатқанын естіп артыма қараған едім, кеш болды. Балаларыммен бірге темір тұлпар дөңгелектерінің астында қалдық. Абырой болғанда, бүлдіршіндерім зардап шекпеді, жай ғана жеңіл-желпі жарақаттанған. Ал мен болсам, ол кезде өз өміріммен қоштастым. Қатты қорқынышты болды. Ол жағдай әлі де көз алдымда. Мен рөлге отырған баланы кінәламаймын. Әкесі ғой, оны бұған итермелеген.

Дарина Тюгумбаева оқиғадан кейін 2,5 ай төсек тартып, жатып қалған. Ақ халаттылар оған жамбас сүйектері сынған деген диагноз қойып, 2-ші топтағы мүгедектікті берген. Жарты жыл уақыт өтсе де, жас ана әлі де өздігінен далаға шыға алмайды. Сондай-ақ, кінәлі тарап одан кешірім де сұрамапты. Ал, біз оқиғаға тікелей қатысы бар рөлдегі баланың әкесімен де байланысқан едік. Оның жауабы осылай болды.

Еркебұлан:

Мен жәбірленушіден кешірім сұрап, моральдық өтемақы ретінде 2,5 миллион теңге ұсынғанмын. Ал олар болса, бастапқыда 30 миллион, кейін 10 миллион, менде ондай қаражат жоқ дегеннен кейін 5 миллионды талап етті.

Осы дерекке қатысты полицейлер мәлімдеме жасады.

Анар Ахметжанова, СҚО ПД анықтаушысы:

Mercedes автокөлігінің иесі Әкімшілік кодекс бойынша бірнеше әкімшілік жауапкершілікке тартылды.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!