СҚО-да «Әлеуметтік бастамалар картасы» аясында медициналық бекет салынып жатыр

18:41, 18 тамыз 2017

Солтүстік Қазақстан облысында «Әлеуметтік бастамалар картасы» шеңберінде 40-тан астам түрлі іс-шара өткізілді. Ал Тайынша ауданына қарасты Ильичёвка селосында медициналық бекеттің құрылысы жүргізіліп жатыр. Әлеуметтік нысан жеке кәсіпкердің қаражатына тұрғызылуда.

Жалпы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аймақта 70-тен аса жоба жүзеге аспақшы.

Сайран Жақыпов – кәсіпкер. «Туған ауылыма аз да болса, көмегімді тигізсем» деген оның арманы биыл жүзеге асты. Кемеліне келген қалталы азамат 15 млн теңгеге медициналық бекет салдырып жатыр.

Сайран Жақыпов, кәсіпкер:

 -Қалада қандай жағдай болса, ауылда да сондай жағдай болуы керек. Президентіміз айтып отыр ғой: адамдар елде де осындай қаладағы секілді тұрмыс құру керек деп. Сондықтан бүгінде бір күнде болмаса да, ақырын-ақырын жоспарлар орындалып жатыр.

Басы ауырып, балтыры сыздаған азаматтар енді алысқа бармай-ақ осы жерде ем-дом қабылдайды. Науқастарға жас маман Думан Ұртнасанов қарайласады. Астана қаласында білім алған ол мұнда «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасты. 

Думан Ұртнасанов, фельдшер:

-Бұрын науқастарды Чкаловқа жіберетінбіз. Одан Тайыншаға. Тайынша Петропавлға дейтін. Енді аппараттың бәрін осында әкеледі. Өзім қадағалап, өзім тексеріп, ауылдың науқастарын өзім қабылдайтын боламын.

Ильичёвка селосында 137 үй түтін түтетіп отыр. Уақыт өткен сайын ауылдың әлеуметтік жағдайы да жақсарып келеді. Жолдар салынып, кәсіпорындар ашылуда. Барлығы да қарапайым халық үшін.

Сембі Мұқаншәріпов, Амандық ауылдық округінің әкімі:

 -Кәсіпкерлердің көбегі өте мол. Жұмыс орны көбейіп жатыр. Бізде ауыл жастары бұрынғы жылдары қалаға кетсе, қазір қайтып келіп жатыр. Және бізге Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Қызылорда облыстарынан қазіргі уақытта 5 отбасы келіп отыр. Енді күзге дейін тағы 6 отбасы келеді.

Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, ауыл азаматтары да асарлық жасап, құрылысқа қол ұшын тигізіп жатыр. Құрылысы осыдан он күн бұрын басталған нысан бұйыртса, апта соңында дейін аяқталатын болады.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов, Руслан Әлиев, Дмитрий Рура 

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!