Сириядағы қазақстандықтар көмек сұрауда

11:15, 12 қыркүйек 2018

Сирияда босқындар лагеріндегі ахуалды бейнелейтін көріністерді сонда жүрген Қазақстан азаматтары ұялы телефондарына түсіріп, жолдаған, деп хабарлайды Baq.kz.

Бізге белгілі болғаны, 7 қазақстандық және жалпы саны 16 бала бар, сегіз айдан бері сол жақты мекен етеді. «Хабар 24» арнасына байланысқа шыққан әйел өзін таныстырды. Оның айтуынша, Сирияға 4 жыл бұрын кеткен. Мақсаты – қызы мен немересін алып қайту екен. Күйеу баласы сол жақта өлген. Қазір Сабира қызы және немересімен, тағы да өзге қазақстандықтар күрд жасағының иелігіндегі аумақта, босқындар лагерінде тұрып жатыр. Сабираның сөзінен белгілі болғандай, Қазақстан азаматтары Орал мен Ақтөбеден, Алматы мен Жезқазғаннан келген екен. Тұрмыстары мәз емес, қиын жағдайда өмір сүріп жатыр.

Босқындар лагерінде жүрген әйелдердің бірі телефон ұстаудың әрі қолданудың өзі мұң екенін хабарлады. Байланысқа шығуға қатаң тыйым салынған. Жеке басына қауіп төнетінен біле отырып, жан-айқайын жеткізу үшін басын қатерге тігіп, осы мәліметті біздің редакцияға жолдапты.

«Хабар 24» арнасы мәселенің мән-жайын түсіндіріп беруді өтініп, еліміздің Сыртқы істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне ресми хат жолдады. Шамдағы жерлестеріміздің тағдыры бізді бей-жай қалдырмайды, үнемі назарда ұстап, білген ақпаратпен бірден бөлісеміз.

Айта кетейік, 2018 жылдың шілде айындағы мәліметке сай Таяу Шығыстағы лаңкестік ұйымдардың бекіністерінен Қазақстанға 193 адам қайтарылған. Оның 80-ні – балалар. Бұл – Ұлттық Қауіпсіздік комитеті келтірген дерек. Сондай-ақ Сирия мен Иракка аттанған қазақстандықтардың саны 800-ге жуық екені белгілі. Қарулы қақтығыс басталғалы бері олардың 250-ден астамы қаза тапқан. Ал елге қайтарылғандарымен тиісті мамандар жұмыс істеп жатыр.


Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!