Шыңғысханның тегі - Адай, жатқан жері - Алтай

23:07, 1 желтоқсан 2021
131

© Еуразия бірінші арнасы

Аспандағы ай мен жұлдыз қаншалықты ақиқат болса, Шыңғысханның қазақ екені де сондай ақиқат - жазушы Мұхамбеткәрім Қожырбайұлы.

"Шыңғысханның тегі - Адай". Елімізде осындай қорытынды келтірілген кітап жарыққа шықты. Авторы – Мұхамбеткәрім Қожырбайұлы, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл кітаптың әлеуметтік желіні шарлап жүргеніне бірнеше күннің жүзі болды. Пікірлер әрқилы. Бірі «тарихымыз тамыр емес, қамыр болған ба» деп күйінсе, өзгесі «Шәкең, нағашым екен ғой» деп жазушының ойын әзілге айналдырып әлек. Қоғамда осындай қызу пікірталас туғызған еңбектің авторын іздеп таптық. Бұндай тұжырымға не түрткі болғанын өзінен сұрап көрдік, делінеді «Еуразия» бірінші арнасының жаңалықтарында.

Дәлелдердің оннан бірі ғана мына кітаптың ішінде қамтылған. Осы дәлелдердің бәрін саралай келе, шығатын қорытынды: атамыздың тегі - қазақ, Кіші жүз, Алшын, Адай екені сөзсіз. Аспандағы ай мен жұлдыз қаншалықты ақиқат болса, Шыңғысханның қазақ екені де сондай ақиқат. Жазушы Мұхамбеткәрім Қожырбайұлы

Әрине, жазушының айтқанын ақиқат деуден аулақпыз, бұл тек тұжырым ғана. Яғни, бұған келісу я келіспеу әркімнің өз еркіндегі шаруа. Бұл ретте тарихтың жілігін шағып, майын ішкендер не дейді?

Тарихи деректерге сүйенетін болсақ, Шыңғысхан моңғол тектес тайпадан шыққан. Тарихи мәліметке келгенде әлі күнге дейін үлкен сақтық керек. Субъективті көзқарас деп алайық бұл пікірлерді. Мұндай пікірлерлер әлі де айтыла береді. Басқа да пікірлер шығады. Тарихшы Болат Шыныбеков

«Жарты әлемді жаулаған билеушінің қабірі қайда» деген де әзірге басы ашық сұрақ. Әлемнің небір ғалымдары сан мыңдаған еңбекті қопарып, жауабын әлі таппай жатыр. Дегенмен, біздің тарихшылардың бұған қатысты да өз айтары бар екен.

Туған жері де, қойылған жері де Зайсанның өңірі деп ойлаймын. Біздің зерттеулеріміз бойынша, сол қорымда тас жатыр жеті әріптен тұратын. Соған мен кәміл сенемін. Тарихшы Қайрат Зәріпхан

Ғалымның сөзінше, көкейдегі көп күдіктің жауабын Манас жыры мен Моңғолдың құпия шежіресінен таба аламыз.

Менің тұжырымым бойынша, ол ешқандай Моңғолияда болған жоқ. Құпия шежіренің 39 параграфында айтылады. «Тайжүгіттермен қырқысып, тұтқынға түсіп, қайта кетіп қалғанда, Бұрхан тауына көшіп кетті», - дейді. Арнайы басына барып, көріпкел апарып. Көріпкелге сену-сенбеуді білмеймін, бірақ олар да көп нәрсені айта алады. Тарихшы Қайрат Зәріпхан

Көріпкелдің көп нәрсені айта алатыны анық қой. Мәселен, шымкенттік көріпкелдің көргеніне сенсек, ұлы билеуші Зайсанда емес, Арыс қаласының маңында жерленген. Оған Шыңғысханның өзі түсіне кіріп, аян берген деседі.

Қазір бабам 6 метрлік ұзындық мраморный тас сияқты бабамның өзі жатыр. Қасында екі шамы бар. Екі шамы жанып тұр.Көріпкел Гүлжанар Алтынбекова

Шамның жанып я жанбай тұрғанын қайдам, бірақ Шыңғысханды қазақ қылудың амалында шектің жоғы анық. Бірі тарих беттерін ақтарса, өзгесі түс көріп, төбе-төмпешіктерді қопарумен жүр. Алайда ұлы билеушінің тегін я қабірін тапқан күннің өзінде, бұдан біздің не ұтатынымыз бар? Бұл енді өз алдына талқыланар басқа мәселе...

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!

Пікір