Шымкенттік оқушылар «Қауіпсіз жол» жобасын ойлап тапты

22:20, 27 наурыз 2017
761

Шымкенттегі Назарбаев зияткерлік мектебінің шәкірттері ерекше жоба ойлап тапты. Олар бір емес, бірнешеу. Барлығы да осы жолдағы көлік апаттарын едеуір азайтуға бағытталған.

Әсіресе дарынды оқушыларды жаяу жүргіншілер жолағында болатын қайғылы оқиғалар көп мазаласа керек. Енді олар көлік легі ағылып жатқан көшеден қауіпсіз өтудің тың әдісін ойлап шығарды.

Қарапайым жүйеге негізделген құрылғы көлік жүргізушілеріне алыстан белгі беріп тоқтатады. Ал жылдамдығы шамадан тыс артқан көлікті байқай қалса, жаяу жүргіншілерді жолға өткізбей қояды.

Бұл – Нұрай Нұрсейіттің «Ақылды қала» жобасы. Алғашқыда ойын қағазға түсірген ол жетекшісімен бірге шағын макет құрастырған. Назарбаев зияткерлік мектебінде оқитын Нұрай: «Термалды судың көмегімен жаяу жүргіншілер жолағында апаттардың алдын алуға болады»,  –дейді.

Нұрай Нұрсейіт, физика-математика бағытындағы назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы:

-«Ақылды қала» ең әуелі экологияны жақсартады. Екіншіден, жол көлік оқиғасының алдын алады. Себебі жаяу жүргінші жолында апаттар көп болады. Менің жобам күннің сәулесінен қуат алады.

Ал жас өнертапқыш Айгерім Түзелованы оқушылардың жол көлік оқиғаларынан жиі көз жұматыны алаңдатады. Сондықтанда ол қауіпсіз жаяу жүргінші жолын ойлап тауыпты. Жобаны жасауға көп уақыты кетпеген. «Әлі де толықтыратын тұстары бар», – дейді.

Айгерім Түзелова, физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы:

-Бұл жобаға есіктер қойылатын болады. Ол есіктер автоматты түрде жұмыс жасайды. Егер көлік жүргізушісі аса үлкен жылдамдықпен келе жатса, есік автоматты түрде жабылады да адам жолдан өте алмайды.

Машина тәріздес мына құлтемір – Эльдар Ибадулланың туындысы. Бұл жұмысымен ол көлікті жолда қауіпсіз басқаруға болатынын көрсеткен. Егер жүргізушінің жолда көзі ілініп кетсе, көлік автоматты түрде жол жиегіне тоқтайды. Себебі онда арнайы құрылғы орнатылған.

Эльдар Ибадулла, физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы:

-Жүріп келе жатқан кезде ультрадыбыс шығарады. Сосын алдында кедергі болып қалса, мысалы қабырға шықса, ультрадыбыс арқылы робот оны сезіп, бір нәрсе істеуі керек.

Біз сұхбаттасқан өнерлі оқушылардың дені жолдағы қауіпсіздікке баса назар аударады екен. Инновациялық идеялары да осыған құрылған. «Енді жобаларды іске асыруға сұраныс болса, құба-құп», – дейді жетекші маман Бауыржан Илясов.

Бауыржан Ілиясов, физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің  оқытушысы:

-Бұл жобаны іске асырар сұраныстар болса, бұл біздің талантты оқушыларға стимул болар еді.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов 

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!