Шымкенттегі атыс: Халыққа тегін дәрі-дәрмек таратқан жігіт жансақтау бөлімінде жатыр

10:25, 12 тамыз 2020
111

Шымкентте мейрамханадағы атысқа қатысқандардың барлығы бір-бірімен таныс адамдар. Тіпті өлген жігіт пен атқан күдікті айырылмас дос болыпты. Ең қымбат мейрамханалардың бірінде шыққан сол кикілжің кезінде бір адам өліп, біреуі жараланған. "Бес адамды іздестіріп жатырмыз" деген полиция қылмыс әлемі серкелерінің өзара жанжалы деген нұсқаны қарастырмайды, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Атыс кешкі сағат алты шамасында Шымкенттегі ең қымбат мейрамханалардың бірінде болды. Жазғы алаңдағы дастарқан басына жігіттер біртіндеп жиналып, ақыры атыспен аяқталған. Бүгін мейрамхана ашық болғанымен, қызметкерлері атыс туралы ауыз ашпады.

- Мен сізге еш нәрсе айтпаймын.

- Қанша адам болды?

- Сізге тағы да қайталаймын.

- Қанша көлікте болды?

- Сіз бізді арандатып тұрсыз.

Ал мейрамхана маңында тұратын жұрт әжептеуір қорқып қалған. "Оқ атылғанын естігенде үйден шыға алмай, абдырап қалдық", - дейді.

Сәуле Құрымбаева, Шымкент қаласының тұрғыны:

- Кәдімгідей тарс етіп бірдеңе жарылғанбай болды. Үш ретпе, екі-үш рет атылды.

Атыстан 33 жастағы азамат сол жерде мерт болса, 35 жастағы Нұрғали Мырзабаев көп қан жоғалтып, жансақтау бөліміне түскен. Екі сағат бойы ота жасаған дәрігерлер екі оқ алыпты. Денесінде тағы бір оқ бар. "Оны алу үшін жағдайы жеңілдеуі керек", - дейді. Жағдайы ауыр жігітті қорғау үшін палата алдына қарулы жасақ қойылған.

Нұржан Естемесов, Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

- Кеуде қуысының ашық жарақаты, құрсақ қуысының жабық жарақаты. Екі балтырының оқ жарақатымен келіп түсті. Толық диагнозы сол және оқ жақ өкпе қуысының ашық жарақаты. Пневмоторакс. Құрсақ қуысының жабық жарақаты. 12 елі ішектің және тоқ ішектің зақымданған.

Ал атты деген күдіктінің аты-жөні таңертеңнен бері әлеуметтік желіге тарап кетті. Бейресми тараған іздеу парағында 31 жастағы күдікті Дәуір Тәукеев деп көрсетілген. Ол "Дикий Арман" лақап атымен танымал белгілі қылмыс әлемінің серкесі Арман Жұмагелдиевтің сенімді серігі көрінеді. Оның Түркияда отырып, Шымкентке дәрі-дәрмекті осы Дәуір арқылы тегін таратқаны белгілі. Алайда полиция қылмыстық топтар арасындағы жанжал деген нұсқаны қарастырып отырған жоқ. Себебі, атыс арасында болған жетеудің бәрі өзара жолдас екен.

Ералы Жұмаханбетов, Шымкент қалалық ПД бастығы:

- Тергеу жүріп жатыр, мен сіздерге айттым. Ол жерде бөлініп жатқан адамдар емес. Жаңағы бірге жүрген жігіттер. Дос боп жүрген. Мен сіздерге айтайын, қайтыс болған жігіт пен атқан деген күдікті екеуі жан жолдас. Иә, бірге жүрген. Енді қазір тергеу жүргізуіміз керек. Қазір достар арасындағы қанды қырғынға не себеп болғаны анықталуда.

Кешелі бері іздестіріліп жатқан 5 күдіктінің кейбірі ұсталғанымен, полиция нақты санын да айтқан жоқ. Әзірге кісі өлтіру және заңсыз қару сақтау, тасымалдау баптарымен іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!

Пікір