Шығыс Қазақстан облысындағы 110 елді мекенді су басуы мүмкін

19:45, 27 наурыз 2017

Өйткені бұл өңірде биыл қар қалыпты деңгейден 60 пайызға артық жауған. Қазір тасқынға тосқауыл қою жұмыстары қауырт жүрып жатыр.

Арнайы комиссия құрылған. Атқарушы билік аймақтағы гидротехникалық нысандарға алаңдап отыр. Бүгінде облыста ірілі-ұсақты 200-ден астам су қоймасы болса, оның тең жартысының техникалық жағдайы мүшкіл. 

Биыл шығыста қараша айының басында-ақ қар басты. Шемонайха, Глубокое, Зырян, Үржар және Күршім аудандарының тұрғындары бораннан көз ашпады. Мамандардың айтуынша, таулы аймақтарда қар қалың болғанымен, одан етектегі елге әзірше қауіп жоқ. Ал коммуналдық сала қызметкерлерін облыстағы кейбір тоғандар мен гидронысандардың жағдайы алаңдатып отыр.

Өңірде су жинау қоймаларының көбі 1960 және 80 жылдары салынған. Тоқсаныншы жылдары жекеге берілген. Соңғы 5 жылда ғана бірқатары мемлекетке өткен. Қазір аймақта республикалық меншікте 70, жергілікті коммуналдық мекемелердің қарамағында 107 гидро нысан бар. Тікелей облыстың басқаруында 61 су қоймасы болса, олардың тең жартысын тез арада жөндеу қажет.                       

Сансызбай Мұңғылбаев, «Шығыс су қоймалары» МКМ бөлім басшысы:

-Кезінде шаруашылық ретінде салынған. Ешқандай инженерлік есептеулер істелінбеген. Сондықтан көп жұмыс қажет. Жалпы сұрағанымыз 256 миллион. Оған жоба жасау керек. Дамбыларға көпфакторлы зерттеу жасау керек.

Бұрын өзен-көлдер мен тоғандардағы мұз наурыз айында еріп, ернеуіне жететін. Биыл жағдай мүлде бөлек.

Олжас Керейхан, тілші

-Жалпы облыста 200-ден астам гидротехникалық нысан болса, ондағы мұздың қалыңдығы биыл 1 метр болады. Ал аймақта соңғы 3 тәулікте ғана қардың көбесі сөгіліп, мұздың бетіне қызыл су шыға бастады. Оған қарамастан, осы маңдағы тұрғындар әлі алаңсыз балық аулап жүр. 

Облыста су басуы қаупі бар елді мекендегі тұрғындарға ескерту жасалып жатыр. Тасқынға тосқын жұмыстарын ұйымдасытру үшін 4 топ құрылды.

Еркін Сәрсенбинов, облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының бөлім басшысы: 

-Төрт жұмыс тобы өте қауіпті жерлер ретінде дамба, гидротехникалық су қоймаларын тексеріп, қазіргі уақытта су деңгейін азайту жұмыстары атқарылып жатыр. 

Атқарылған жұмыс бойынша күнделікті мониторинг жүргізіледі. Ал айтып келмейтін апаттың алдын алу үшін аймақта 900-ге жуық маман, 1200 техника, 90 мың қап және 350 тонна жанар-жағармай дайындалған. Барлық аудан-қалалардағы коммуналдық мекемелер күшейтілген жұмыс кестесіне көшірілді.

Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин 

Источник: khabar.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!