ШҚО-ның барлық елді-мекені Риддерге гуманитарлық көмек жолдауда

15:59, 13 мамыр 2021

© Сурет: altaynews.kz

Шығысқазақстандықтар жинаған азық-түлік пен киім-кешектері тиелген жүк көліктері өрттен зардап шеккендерге көмекке Риддерге аттанды, деп хабарлайды zakon.kz.

"Облыстың барлық аудандарында гуманитарлық көмек жинау пункттері ашылып, еңбек ұжымдары көмек ретінде бір күндік жалақысын да аударды. Кәсіпкерлер қаржылай көмек көрсетсе, еріктілер мен өзге де тұрғындар киім-кешек пен азық-түлік пакеттерін жіберуде. Бірнеше күннің ішінде "Біздің Алтай қаламыз" жеке қайырымдылық қоры кәсіпкерлердің, әкімшілік қызметкерлердің және Алтай ауданының басқа тұрғындарынан көмекке 8 млн теңгеден астам қаражат жинады. Қаражат Риддер қаласындағы "Бірлік" қорына аударылды", деп хабарлайды altaynews.kz.

Сондай-ақ, "Nur Otan" партиясының акциясы аясында 2 тоннадан астам азық-түлік, дәрі-дәрмек, жеке гигиена құралдары, төсек-орын жабдықтары, 11 балалар төсегі және құрылыс материалдары өрттен зардап шеккендерге көмекке жіберілді.

Семейден көмек ретінде Риддерге 16 млн теңгеден астам қаржы жіберілді. Қалалық әкімдікте хабарлағандай, қаржының басым бөлігін "Фирма Азия" ЖШС атаған. Яғни, 10 млн теңге бөлді.

- Біз барлық қиындықтарды тек бірігіп қана жеңе аламыз. Сондықтан жерлестерімізді барынша қолдауымыз керек, - деді мекеме директоры Сәуле Дускужанова.

Айта кету керек, Семей кәсіпкерлері өрт сөндірушілерге көмекке 15 тонна өнімі бар екі жүк көлігін жіберді.

2021 жылдың 12 мамырына Абай ауданның тұрғандары зардап шеккендерге 2 млн 90 мың теңге көмек аударды. Сонымен қатар, азық-түлік керуені жөнелтілмек.

Глубокое ауданында кәсіпкерлердің, шаруа қожалықтары басшыларының және басқа да азаматтардың қолдауымен азық-түлік және бірінші қажеттіліктегі заттары бар "Газель" автокөлігі көмекке жөнелтілді. Сондай-ақ, қайырымдылық қорына қаражат аудару жүзеге асырылуда.

Күршім ауданының тұрғындары да қол қусырып отырмады. Онда азық-түлік, киім-кешек және т.б. қабылдау бойынша 6 пункт ашылды. 4 тоннадан астам азық-түлік өнімдері және 1 миллион теңге көлемінде қаржы жиналды.

Қорытындылай келе, гуманитарлық көмек жинау науқаны жалғасуда. Тілсіз жаудан зардап шеккендерге көмек көрсетемін дегендер болса, жергілікті қабылдау пункттеріне жүгіну арқылы немесе "Бірлік" қайырымдылық қорының ресми шотына ақшалай көмек аудару арқылы көмектесе болады.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!