ШҚО әкімі 23 мамырдан бастап өңірде кейбір демалыс орындардың жұмысқа кірісетінін айтты

17:31, 21 мамыр 2020
520

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов балабақшалар мен халыққа қызмет көрсету орталықтарының ашылып, өңір ішінде автобустар қатынай бастайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Алтайньюс.

– Біз жасаған алгоритм бойынша 23 мамырдан бастап балабақшалар мен ХҚКО-лар жұмыс істей бастайды. Өңір ішінде, Семейді қоспағанда, барлық автобус тасымалы қайта қалыпқа келеді. Әлбетте қалыпты өмір сүру үшін барлық кәсіпорындар, орта және шағын бизнес нысандары түгел жұмыс істеуі тиіс. Мұны түсінеміз, сондықтан да аймақ экономикасын қалыпқа келтіруге бар күшті жұмсап жатырмыз. Кәсіпорындардың барлығы дерлік карантиннің алдындағы деңгейіне қайта көтеріледі.

Қазіргі уақытта коммерциялық нысандардың 65%-ы жұмыс істеп тұр. Мейрамханалар мен дәмханалардың есігі ашық. Санитарлық нормалардың сақталуын жіті бақылап отырмыз. Мәселен, шектеу шараларын бірден тоқтатқан Чехия, Франция, Германия сынды елдерде вирус қайта өрши бастады. Сондықтан бұл мәселеге келгенде, аса сақтықпен қимылдау керек.

Сондай-ақ өскемендіктер үшін қуанышты жаңалығым бар. 23 мамырдан бастап қала тұрғындары Бұқтырма, Сібе, Тауыл Үлбі сынды сүйікті демалыс орындарына бара алады.

Инфекция қайта өршіп кетпеу үшін, облыстың санитарлық-эпидемиологиялық қызметінің ұсынысы бойынша азық-түлік емес тауарлардың көтерме және бөлшек сауда нысандары, ірі сауда үйлері мен сауда кешендері, аумағы 2000 шаршы метрден үлкен ойын-сауық орталықтары, үйірмелер мен артклубтар 1 маусымға дейін жұмыс істемейді.

Құрметті жерлестер, қалыпты өмірге қайта оралу ең алдымен өзімізге байланысты. Елімізде вирустың таралуы әлі де жалғасуда. Егер ШҚО-да коронавирус өршіп кетсе, біз қатаң шектеу режимін қайта енгізуге мәжбүр боламыз, – деді аймақ басшысы.


Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!