ШҚО-да қасқыр қамаған ауыл тұрғындары құтқарылды

12:00, 15 қараша 2018
563

Катонқарағай ауданында жаяу жолға шыққан үш адам боранда адасып кеткен. Айдалада бұларды қасқыр торуылдай бастапты. Адасқандарды Ново-Поляковка ауылының әкімі бастаған іздеу тобы құтқарып қалды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

Павел Лигостаев жұбайы Салауат Табысбаева және досы Бекболат Текеневпен бірге Ново-Поляковка ауылынан 20 шақырым жерде орналасқан омартаға барған. Жұмыстарын бітіріп, сол күні омартада қалып қояды. Үйге келесі күні қайтамыз деп жоспарлайды.

-Таңертең ауа райы бір қалыпты еді, – дейді Павел. – Күрт өзгереді деп ойламадық.

Бұлар жолға шыққан соң шамамен бір жарым сағаттан кейін кенеттен боран соға бастаған. Ақ түтекте үшеуі жолдан адасып қалады. Өздерімен бірге балта мен ұялы телефоннан басқа ештеңе алмаған, байланыс желісі нашар…

Телефонда байланыс пайда болған сәтте олар 112 нөміріне қоңырау шалып үлгеріп, адасып кеткен жерді шамалап айтып береді.

Адасқандарды іздеуге Ново-Поляковка ауылының әкімі Сержан Байбосынов бастаған топ шығады. Іздеу тобында ауылдық округтің маманы Асхат Рахимов, жүргізуші Дамир Әубәкіров, учаскелік полиция қызметкері Радмир Бұтабаев, фельдшер Наталья Даркимбаева және Огнево ауылының тұрғындары Айтқазы Құстыбаев пен Серік Алтынов бар.

-Кешкі сағат алтыларға қарай жел саябырлады. Қараңғы түсіп, қар жауды, – дейді Павел. – Бізді қасқыр торуылдап жүр екен. Оны үркіту үшін қатты айғайлап, жақындап қалған кезде қолшамның жарығын түсіріп отырдық. Ең бастысы бізді іздеп табады деген үмітімізді үзбедік.

Аса қауіпті жағдайға тап болған үш жолаушыны құтқарушылар түнгі сағат бір шамасында бірақ тауып алған.

-Жұбайым үшін қатты уайымдадым, – дейді Павел. – Ол барынша шыдауға тырысты, бірақ бізді тауып алғанға дейін бір сағаттай уақыт қалғанда, ұйқысырап кетті. Бағымызға орай, іздеуге Айтқазы Құстыбаев шығыпты. Ол жергілікті жерді жақсы біледі, адамдарды бұрын да құтқарып жүрген жан. Ново-Поляковка әкімі Сержан Байбосынов, Айтқазы Құстыбаев және Серік Алтынов үшеуі атпен жүр екен, бізді бірінші тапқан солар. Дәл сол кезде ұялы телефонымыз да сөнді.

Боранда адасқан жолаушыларға бірден алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, елді мекенге жеткізілген. Олар құтқарушыларына алғысын айтуда.

Боран туралы жергілікті тұрғындар SMS-хабарлама арқылы ескертіліпті. Алайда омартада байланыс желісі болмағандықтан, үшеуі бұл хабарламаны уақытында ала алмаған екен.

Естеріңізге сала кетсек, осы жылы көктемде болған су тасқынында Зырян ауданы әкімінің орынбасары да тұрғындарды құтқару үшін өз өмірін қатерге тіккен болатын.


Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!