Шетелде тегін білім алуға бөлінген 20 мың грантқа еш сұраныс болмаған

09:24, 19 қазан 2018
507

Қазақстандық студенттерге бөлінген шетелдегі оқу гранттары тиімді іске асып жатқан жоқ. Бір ғана «Болашақ» деп аталатын халықаралық бағдарламалар орталығында өзге елде тегін оқуға мүмкіндік беретін 20 мың грант бостан-босқа жатыр. Бұл «Болашақ» бағдарламасымен білімін жетілдіруге берілетін президенттік стипендия емес деп жазады Алматы телеарнасы.

Мамандар өткен жылы 200-ден астам әлем университетімен осы мүмкіндік туралы келісім жасаған еді. Бірақ отандастарымыз бұл ақпараттан бейхабар қалған немесе еш қызығушылығы болмаған. Араларында оқу үшін мұхит асып кетуге қанша асыққанымен, арадағы алаяқтарға алданып қалатындары да бар екен.

Светлана Кузнецованың көздегені – шетелде білімін шыңдау. Германияда әлеуметтанудан білгенін одан әрі жетілдіруге асыққан кейіпкеріміз алдағы жарты жылда сол елге аттануға тастүйін дайын-ақ отыр. Жұмысы мен достарын, тіпті отбасын Қазақстанда уақытша қалдыруға тура келсе де, талапкер барлығына шыдаймын дейді. Қазір неміс тілін мейлінше меңгеруде. Бакалаврдан магистр дәрежесіне жетуге ынталы азаматша «Болашақ» халықаралық бағдарламар орталығына жүгінген.

«Алған қойған мақсатым – қалай да шетелде білім алу. Көп ізденістен кейін «Болашақ» халықаралық бағдарламар орталығына жолықтым. Барлығын түсіндірді. Германияда оқуға бел будым. Қызығы сол, көп таныстарым осы орталықтың бар екенін білмейді де. Меніңше, осындай жақсы жағдайды іздемеуден қатар, оған сенбеушілік те басым сияқты», – дейді талапкер Светлана КУЗНЕЦОВА.

Халықаралық бағдарламалар орталығында тегін оқуды Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашақ» стипендиясымен шатастырмаған абзал. Мамандар грантқа таласушылардың аздығына налиды. Өйткені, өткен жылы білім нәрін сусындауға ниеттілерді оқыту үшін үкіметаралық 500 және әлемнің 200 университетінің 20 мың тегін гранты туралы келісімге жасалған. Олардың қатарында АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Қытай, Ресей оқу орындары бар. Бұл мүмкіндікті қалаған жан пайдалана алады.

«Жалпы, шетелдің дамыған университеттеріне адам саны жетіспейді. Сондықтан бос орындарды бізге грант есебінде беруге дайын. Сол 20 мың грантқа оқуға биыл кеткендердің саны 1 мыңға да жеткен жоқ. Бізде кез келген бакалавриат, магистр дәрежелерінің гранттары бар. Сайтта да барлық ақпарат бар. Мәліметтерді сол жерден қарап, әркімнің өзін ұсынуына болады», – деп түсіндірді ҚР Білім және ғылым министрлігінің жанындағы «Болашақ» халықаралық бағдарламар орталығының басшысы Жанболат МЕЛДЕШЕВ.

Кейде ізденуге, оқуға құштарлығы мол жандар алданып та қалып жатады. Солардың арасында Қытайдың «One Way to China» атты компаниясы шақыртуымен оқуға аттанған 64 қазақ жасы бар. 60-тан астам қазақстандық азамат алаяқ компанияға алдын ала ақшасын беріп, сол елге жеткенде ғана алданғандарын ұққан. Шекаралас жатқан жұрт арасында бүгінде жалпы саны 14 мың отандасымыз оқу оқып жүргенін де айта кеткен жөн.

«Қытайға кеткен студенттер жайлы СІМ бірлесіп комиссия жасап, жағдайды жан-жақтан қарастырып, бір шешімге келу керек. Ол СІМ құзыретіндегі мәселе. Ата-аналармен кездесіп, бірлескен шешімге келгенде, барлығын жинап, оны арнайы түрде жариялайтын боламыз», – деді ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан САҒАДИЕВ.

Халықаралық бағдарламалар орталығы өзге елдегі сенімсіз шақыртушыларға сенбеуді сұрайды. Елімізден тыс жердегі білім ордаларында оқығысы келетіндерге мамандар жан-жақты көмектесуге дайын. Ал министр Сағадиев жастарды Қазақстаннан басқа жерге жіберу емес, керісінше, шақыртуды жоспарлап отыр. Ведомство басшысының келтірген ақпаратына сенсек, елімізде бүгінде 18 мың шетелдік оқып жүр. Бұл көрсеткішті жыл сайын 20 пайызға арттыру – министрліктің биік мақсаттарының бірі.


Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!