Шахматтан әлем чемпионы Бибісара Асаубаева елге оралды

12:14, 18 қаңтар 2022

© Сурет: Instagram/committee_sport

Шахматтан қазіргі әлем чемпионы, 17 жастағы Бибісара Асаубаева Қазақстанға оралды, деп хабарлайды Zakon.kz.

​Бүгін елорданың халықаралық әуежайында қазақстандықтар шахматтан әлем чемпионы Бибісара Асаубаеваны күтіп алды. Жас шахматшыны жақындары мен жанкүйерлері ыстық ықыласпен қарсы алып, гүл шоқтарын сыйлады.​ Бибісараны жарқын жеңісімен құттықтауға ҚР Спорт және дене шынықтыр істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев арнайы келді. Самат Серікқанұлы Бибісараның жетістігіне анасының қосқан үлесін ерекше атап өтіп, алғысын білдірді.​

Естеріңізге сала кетейік, Польша астанасы Варшава қаласында өткен әлем чемпионатында 17 жастағы қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева «блицте» бірінші орынды жеңіп алып, әлемдік шахмат тарихында әйелдер арасында ең жас шахматшы атанған болатын.

Сондай-ақ, аталмыш чемпионатта Бибісара жылдам шахматтан (Рапид) 2-орынды иеленді.

Турнир оңайға соқпады. Үш күн рапид, екі күн блиц, бес күнге созылған жарыста соңына дейін табандылық көрсету керек болды. Мен бірінші тақтада ойнап рапидте соңғы партияны жеңіп, екінші орынды иелендім. Блицте сегізінші айналымнан бастап, көш бастадым. Ақтық кезеңге дейінгі айналымда айқын басымдықпен бірінші орынға көтерілдім. Ел тарихында ересектер арасындағы шахматтан алғашқы алтын жүлдені жеңіп алғаным үшін өте бақыттымын.Бибісара Асаубаева

Сонымен қатар, желіде Бибісара Асаубаеваны марапаттау рәсімінің бейнеролигі жарияланғанын жазған болатынбыз.

Источник: zakon.kz


Подписывайтесь на наш Telegram-канал. Будьте в курсе всех событий!
Мы работаем для Вас!